Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank стратегиялық серіктестік орнатқандарын жариялады

Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank екеуара Қазақстандағы заманауи өнерді ұзақмерзімді дамыту мен қолдауға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Бұл серіктестік Орталық Азиядағы ең ірі заманауи өнер мұражайы мен өңірдің жетекші қаржы институтының жұмысын бір арнаға тоғыстырып, Қазақстандағы бизнес пен мәдени ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастырмақ. Меморандум аясында Halyk биыл Almaty Museum of Arts мұражайының негізгі көрмелері, білім беру бағдарламалары және баспа саласына қатысты жобаларына бас серіктес ретінде қолдау көрсетіп, заманауи өнердің өрісін кеңейтуге үлес қоспақ.

Мәдени өмірге атсалысу мүмкіндіктерін кеңейту мен білім беру бастамаларын тұрақты дамытуға деген ортақ ұмтылыс мұражай мен банк жұмысын бір арнаға тоғыстырып отыр.

Серіктестер мәдениет пен білімге салынған инвестицияны ел болашағына жасалған маңызды үлес ретінде көреді.

«Біз Halyk компаниясы әу бастан әлеуметтік жауапкершілікті жалау еткенін жиі айтып отырамыз. Мәдениетті қолдау біздің мақсатымыздың маңызды құрамдас бөлігі десек, біз оны қоғам дамуының негізгі алғышарттарының бірі санаймыз. Мен заманауи өнер жаңашыл әрі қарқынды дамып отыратын орта қалыптастырып, аталған ортада мына әлем мен өмірдің сұлулана түсуіне сеп болар визионерлер мен инновациялық идеялар пайда болады деп үлкен сенім артамын. Almaty Museum of Arts-пен жасалған осы бір ынтымақтастық біздің мәнді де мағыналы бастамаларға қолдау көрсетуді бас ұстанымға айналдырғанымыздың айғағындай», – деді Halyk Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова.

«Біз мұражайды заманауи өнердің елеулі тұлғаларын Қазақстанға әкелуге және жергілікті көркем үдерістерді қолдауға қауқарлы халықаралық деңгейдегі институт ретінде көреміз. Halyk-пен жасалып отырған серіктестік бізге стратегиялық тұрғыда ойлауға және шынайы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Ынтымақтастық аясында ұйымдастырылғалы отырған 2026 жылдың басты жобасы – «Билл Виола: екі дүние арасы» көрмесі, ол осы жылдың маусым айында ашылады.

Билл Виола – XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында аса ықпалды болған суретшілердің бірі, ол шығармашылығы арқылы бейнежазбаны өнердің маңызды медиумы ретінде қайта ой елегінен өткізуге сеп болған. Оның көрмелері әлемнің жетекші мұражайларында өтті, соның ішінде MoMA (Нью-Йорк), Tate (Лондон), Guggenheim Bilbao (Бильбао) және Centre Pompidou (Париж) бар. Виоланың ауқымды видеоинсталляциялары өмір мен өлім, есте сақтау мен уақыт, рухани және ішкі трансформация сынды адам өмірінің негізгі тақырыптарын қозғайды. 1970 жылдардан бастап суретші бір бойына технология мен философиялық тереңдікті тоғыстыра білген айқын көркем тіл қалыптастырып, видеоарттың дамуына елеулі үлес қосты.

Өнер майталманының Орталық Азиядағы алғашқы көрмесі аталған аймақ үшін айрықша маңызға ие болып, елдің халықаралық өнер үдерісіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Серіктестік аясында Алмагүл Меңлібаеваның Гридтия Гавивонг кураторлық ететін «Мен бәрін түсінемін» атты жобасының екінші бөлімі жалғасын табады. Сонымен қатар қос көрменің шеңберінде ғылыми каталогтар жарияланып, ұзақ мерзімді зерттеу базасы қалыптастырылып, кәсіби дискурс кеңейтіледі.

Almaty Museum of Arts-тың директоры Татьяна Ходжаева:

«Мұражай есігі ашылғалы бері 250 000-нан астам қонақ қабылдады, бұл кеңістікке күн сайын түрлі жас өкілдері, сан алуан мамандық иелері мен қилы мәдени контексттен келген адамдардың бас сұғатынына куәгер боп жүрміз. Біздің мұражайымыздың бағдарламасына мұндай өнер ордасына алғаш қадам басқан адамдарда да, кәсіби өнер қауымдастығы өкілдері де қызығушылық танытады. Мұражай кеше ғана 2025 жылы қыркүйекте ашылғанына қарамастан, ол Tate және Getty Foundation-мен бірлескен жобаларды жүзеге асырды, бұл оның халықаралық өнер кеңістігіндегі маңыздылығын растайды. Halyk Bank-тің қолдауы ел мәдени өміріндегі мұражайдың елеулі рөлін мойындаудың белгісі және біздің жұмысымызға берілген ең маңызды бағалардың бірі екені анық»