«Астана Опера» Павлодарда гастрольдік бағдарламамен өнер көрсетеді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен «Астана Опера» осы көктемде Қазақстан қалаларына турын бастайды. Гастроль бағытындағы алғашқы мекенжай Павлодар қаласы болмақ, мұнда театрдың опера солистері, оркестр, хор және миманс әртістері өнер көрсетеді. 28 наурызда елордалық труппа Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы сахнасында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» жарқын опера-буффасы мен «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан балаларға арналған концертті ұсынады.

 – Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасы ұжымымыздың шығармашылық сапарларының географиясында айрықша орын алады. Павлодарда «Астана Операның» тұрақты аудиториясының қалыптасқанын жоғары бағалаймыз. Мұндағы көрермендермен алғаш рет 2022 жылы жүздескен едік, енді міне біздің кездесулеріміз игі дәстүрге айналды. Осынау мәдени миссиямызға қолдау көрсеткені үшін ERG компаниясына алғысымызды білдіреміз. Бұл әртістер үшін тыңдармандарға өз шеберліктерін қайта  ұсынуға және өңір тұрғындарын әлемдік классика жауһарларымен таныстыруды жалғастыруға керемет мүмкіндік, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.

Гастрольдік бағдарлама үшін Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсы кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бұл – әлемдік репертуардағы ең жарқын комедиялық опералардың бірі. Өткір ойлы оқиға желісі мәңгілік махаббат тақырыбы мен күлкілі жағдайлар негізінде құрылған, ал сахнадағы іс-әрекет жылдам өрбіп, спектакльдің соңына дейін көрерменнің назарын өзіне аудартады. Алла Симонишвили мен Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің шығармашылық одағының нәтижесіне айналған қызықты қойылымда павлодарлықтарды солистердің вокалдық шеберліктері мен мәнерлі актерлік ойыны күтеді. Көрнекі қатарды суретші Манана Гунианың көз тартарлық декорациялары мен әдемі костюмдері толықтырады. Г.Доницетти музыкасының әуезділігі мен жігері нағыз мерекелік атмосфера жасап, спектакльді театрдың байырғы жанкүйерлері үшін де, сондай-ақ опера әлемімен енді танысатын көрермендер үшін де бірдей қызықты етеді.

Бұл күні ERG кәсіпорындарының қызметкерлері мен қала тұрғындарын опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев бастаған театрдың танымал солистерінің шығармашылығымен кездесу күтеді. Тыңдармандарға кейіпкерлердің бейнелерін жарқын вокалистер құрамы ұсынады. Сұлу Норинаның партиясын жетекші солист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова таныстырады, ал ғашық Эрнестоның рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин өнер көрсетеді, айлакер Малатеста дәрігерді Ержан Саипов орындайды. Тәжірибесі мол, кемеліне келген  бойдақ Дон Паскуаленің басты рөлінде сахнаға Шыңғыс Расылхан шығады, Карлитоның комедиялық бейнесін Рамзат Балакишиев жүзеге асырады. «Астана Опера» солистері,  оркестрі, хоры мен мимансы «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің басқаруымен өнер көрсетеді.

Бағдарламада жас көрермендерге ерекше назар аударылған. Павлодарлық балалар үшін «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан танымдық концерт дайындалды. Сопрано Елена Ганжа мен театрдың басқа да солистері, аспапшы музыканттары мен оркестрі әлемдік классиканы ғана емес, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың туындыларын да ұсынып, осы арқылы балаларды опера дауыстары мен музыкалық аспаптардың сан алуандылығымен таныстырады. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындайды, ал өнер көрсетулерді музыкатанушы Мереке Естің қызықты әңгімесі толықтырады. Театр басшылығы мұндай кездесулер классикалық өнерге деген сүйіспеншілікті ерте жастан оятып, өнер сүйер қауымның жаңа буынын тәрбиелеуге септігін тигізетініне сенімді.

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының фойесінде жайғасатын фотокөрме ерекше атмосфера жасайды. Бұл фотокөрмеде өнеркәсіп тақырыбы театр әртістерінің көркем портреттері арқылы ашылады.

– Біз үшін бұл дәстүр ғана емес, сонымен қатар бұл «Астана Опера» мен ERG арасындағы ізгі достықтың көрінісі. Біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері жаңа театрлық қойылымдарды күтеді. Біз олардың көңілдерін қалдырмауға және еуразиялықтарымыздың мәдени қызығушылығын арттыруға тырысамыз. Балаларға арнап жеке көрсетілімдер өтетіні көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Компания өңірлердің және жалпы елдің дамуына үлес қоса отырып, мәдениет пен білім салаларындағы жобаларды әрдайым қолдайды, – деп қорытындылады Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов.

Павлодардағы негізгі аудитория осы өңірдегі ERG-дің негізгі өндірістік кәсіпорындары – «Қазақстан алюминийі» АҚ, Қазақстан электролиз және Павлодар машина жасау зауыттары, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Евроазиаттық энергетикалық корпорациясы, «Восточный» көмір кенішінің ұжымдары және тағы басқалары болатынын атап өтуіміз керек. Бұл өнер көрсетулер – театрдың еліміздің өңірлерінде мәдени кеңістікті дамыту бойынша ұзақ мерзімді бағдарламасының бір бөлігі. «Астана Операның» гастрольдік кестесі Павлодармен шектелмейді: Ертістің жағасындағы әсем қаладағы көрсетілімдер аяқталғаннан кейін труппа өз қойылымдарын Хромтау мен Ақтөбеде ұсынады.