Алматыда Қытай Жаңа жылы мен Наурыз қарсаңында достық әуені шырқалды

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы сахнасында Қытай Жаңа жылы мен көктем мерекесіне арналған «Көктем мерекесінің жылы жүздесуі: Қытай мен Қазақстан достығының әуенін бірге орындаймыз» атты мерекелік гала-концерт өтті. Музыкалық кеш көктемнің шуақты көңіл күйін, мәдениеттер үндестігін және екі ел арасындағы достықты паш етті.
Іс-шараны Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Астанадағы Қытай мәдени орталығы, Қытайдың шетелдермен мәдени және туристік алмасу орталығы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы және China International Culture and Art Company бірлесіп ұйымдастырды.
Кеш барысында бір сахнада Қытайдың халық аспаптары оркестрі Цинхуацы халық аспаптар оркестрі («Көк-ақ фарфор») және Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті. Концерт бағдарламасы екі халықтың ұлттық музыкалық мұрасын таныстырып, мәдени диалогты нығайтуға бағытталды.
Кеш бағдарламасына Қытайдың танымал классикалық және заманауи шығармалары енгізілді. Олардың қатарында «Айды қуған түрлі-түсті бұлттар», «Лянь Шаньбо мен Чжу Интай», «Цинхуацы» туындылары бар. Сонымен қатар қазақ халқының рухын айшықтайтын «Саржайлау» және «Адай» күйлері орындалды.
Концерттің финалы ерекше болды: қытай және қазақ музыканттары бірлесіп «Скачки» мен «Жасмин» шығармаларын орындады. Бұл екі елдің дәстүрлі аспаптарының үйлесімді үндесуін және музыканың халықтарды жақындастыратын қуатты күш екенін көрсетті.
«Цинхуацы» ансамблі негізінен жас орындаушылардан құралған. Олар арнайы жасалған фарфор халық аспаптарында ойнайды. Бұл аспаптар дәстүрлі көк түсті өрнекті глазурьмен безендірілген. Ансамбль құрамында фарфор тостағандар, гонгтар, флейталар, сяо (бойлай үрленетін бамбук флейтасы), барабандар, сюнь (ежелгі қытай үрмелі аспабы), сондай-ақ қоңыраулардың түрлі түрлері бар.
Ал «Отырар сазы» оркестрі қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрін заманауи орындаушылық тәсілдермен үйлестіріп келеді. Ұжым құрамында домбыра мен қобыздан бөлек жетіген, асатаяқ және басқа да көне аспаптар қолданылады. Бұл қазақ музыкалық мәдениетінің терең тамырын және бай мұрасын кеңінен танытады.
Кеш барысында ҚХР Бас консулының міндетін атқарушы Люй И мырза қонақтарды құттықтап, мәдени байланыстардың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, Қытайдың Көктем мерекесі мен қазақтың Наурызы халықтарды біріктіретін ортақ құндылықтарға негізделген.
«Жақында біз Қытайдың Жаңа жылын – Чуньцзе мерекесін және Шамдар фестивалін бірге атап өттік. Ал екі аптадан кейін жаңару мен қуаныштың мерекесі – Наурызды қарсы аламыз. Бұл екі мейрам да көктемнің келуін, өмірдің жаңаруын білдіреді. Бүгінгі кеш біздің мәдениеттеріміздің үйлесімін айқын көрсететін ерекше кездесу», – деді ол.
Консулдың сөзінше, музыка – халықтарды жақындастыратын әмбебап тіл.
«Музыка шекара атаулыны еңсеріп, әр жүрекке жол таба алады. Бүгін біз қытай халық музыкасының әсем әуендерін және қазақтың ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы шығармаларды тыңдаймыз. Бұл тек ноталардың үндестігі ғана емес, халықтарымыздың жүрек үндестігі», – деп атап өтті дипломат.
Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
«Қытай мен Қазақстан – тату көршілер және сенімді достар. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың арқасында екі елдің қарым-қатынасы жаңа тарихи деңгейге көтерілді. Болашақта мәдениет халықтарымызды бұрынғыдан да жақындатып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз», – деді ол.
Сөзінің соңында бас консул қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өлеңінен үзінді келтіріп, көктемнің келуі жаңару мен үміттің белгісі екенін айтты.
Осылайша Алматыдағы музыкалық кеш Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, көктем мерекесінің рухын ортақ әуен арқылы сезінуге мүмкіндік берді.



