«Жұлдыздар арасында»: Қазақстан мен Мажарстанды нығайтқан мәдени байланыс

Алматыдағы InterContinental Almaty қонақүйінде Мажарстанның Бас консулдығы ұйымдастырған Екінші Мажар балы өтті. «Жұлдыздар арасында» тақырыбымен өрнектелген бұл кеш классикалық бал форматынан асып, мағынасы терең мәдени дипломатия алаңына айналды. Ол екі бауырлас халықтың рухани байланысын нығайтып, тарихи жадын жаңғыртып, болашаққа ұмтылысын айқын көрсеткен ерекше мәдени кездесу болды.
Қазақ пен мадияр – тек серіктес мемлекеттер ғана емес, тарихтың терең қатпарларында тоғысқан бауырлас халықтар. Бұл заманауи пайым емес, ғылыми және тарихи деректерге сүйенген дерек. Мадияр тайпаларының батысқа қоныс аударуы Ұлы дала тарихымен тығыз байланысты. Аңыз бен ақиқат астасқан сол дәуірде Еуразия кеңістігінде аты қалған Еділ батыр тұлғасы да екі халықтың ортақ тарихи жадында сақталған символдық бейне ретінде қабылданады.
Бірі Дунай жағасына қоныс тепсе, бірі Ұлы далада қалғанымен, рухани тамыр үзілген жоқ. Сондықтан Мажарстаннан келген әрбір мәдени ишара, әрбір дәстүр бізге жат емес, қайта таныс сезім ұялатады.

Кештің салтанатты ашылуында Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Рона сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ерекше рухани байланысты атап өтті:
«Қазақстан мен Мажарстанды тек дипломатиялық қарым-қатынас қана емес, тарихи жады мен рухани жақындық біріктіреді. Осындай мәдени шаралар халықтарымыздың бір-бірін тереңірек түсінуіне, өткенді құрметтеп, болашаққа бірге қарауына мүмкіндік береді. Бұл кеш — сол ортақ жолдың жарқын көрінісі»

Өткен жылы бастау алған бал дәстүрі биыл ғарыш тақырыбымен айшықталды. Ғарыш — тек аспан мен жұлдыздар әлемі емес, ол адам арманының шегі, батылдық пен сенімнің символы. Жұлдыздарға саяхат жасау көпшіліктің арманы болса, ғарышты бағындырған жандармен бір кеште бас қосу — көпке бұйыра бермейтін ерекше сәт. Бұл тақырып эстетикалық шешімнен гөрі, ортақ болашаққа, жаңа көкжиектерге ұмтылудың көрінісі болды.

Кештің құрметті қонақтары ретінде HUNOR (Hungarian to Orbit) бағдарламасының өкілдері шақырылды: Мажарстанның ұлттық тұңғыш ғарышкері Берталан Фаркаш, бағдарламаның негізгі ғарышкері Тибор Капу және резерв ғарышкер Дьюла Череньи.

«Мен Қазақстанда көп мәрте болдым. Бұл мен үшін әрқашан ашық, мықты әрі рухы жақын ел. Мұнда жай қонақжайлық емес, шынайы туыстық сезіледі. Осындай кеште сіздермен бірге болу — мен үшін үлкен мәртебе. Екі ел арасындағы рухани жақындық мәңгілік боларына сенемін», – деп Берталан Фаркаш өз ойын ерекше жылылықпен білдірді.

Мажарстанның HUNOR ғарыштық бағдарламасы елдің тек өткеніне ғана емес, болашағына да сеніммен қарайтынын көрсетеді. Бұл ұстаным қазақ халқының дүниетанымына да жақын. Қазақ үшін аспан, кеңістік, көкжиек ұғымдары ежелден еркіндікпен, арманмен және болашаққа ұмтылыспен байланыстырылған.

Бал дәстүріне сай кештің көркін мазмұнды концерттік бағдарлама ашты. Кештің тізгінін Дэниель Джеймс ұстап, Almaty Youth Jazzband оркестрі Мажарстан мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарын орындады. Қазақ мемлекеттік академиялық би театрының балет қойылымдары, Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінің опералық попурриі және «Vivat» шоу-балетінің әсерлі билері бір сахнада үйлесім тапты.

Бұл кеш тек мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, ізгілік пен қайырымдылықты да дәріптеді. Halyk Foundation және Mediker Hospital International қолдауымен «Ковчег» балалар үйіне 2 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

Алматыдағы Мажарстанның Бас консулы Саболч Карой Секе:
«Алматы Мажар балын өткен жылы біз бұл іс-шараны алғаш рет ұйымдастырғанда, басты мақсатымыз жаңа дәстүр қалыптастырып, ерекше мерекелік кеш сыйлау болатын. Бүгін сіздердің жылы жүздеріңізді көріп, сол мақсатымызға жеткенімізді қуанышпен айта аламын. Биылғы балға жиналған қонақтардың саны екі есеге артқаны қуантады. Игі дәстүр әрі қарай жалғасын табады деген ниеттемін»
Мажар балы бізге маңызды бір шындықты тағы бір мәрте еске салды: нағыз дипломатия кейде келісімшарттарда емес, ортақ естелікте, тарихи түйсік пен мәдени тілде өмір сүреді. Біз бір-бірімізді түсіну үшін ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ — түпкі сезім ортақ.
Бұл кеш Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланысты тарихпен бекітілген бауырластық, мәдениетпен жалғасқан диалог және болашаққа бірге қарау ниеті ретінде айқын көрсетті. Жұлдыздарға ұмтылу — тек ғарышкерлердің ғана емес, түбі бір халықтардың да ортақ арманы.
Ғазиза Ұзақ
Суреттер Алматыдағы Мажарстанның Бас консулдығы тарапынан ұсынылды



