Air Astana жоғары технологиялық мамандықтардағы тең мүмкіндіктерді қолдайды

Air Astana өкілдері халықаралық Technovation Girls білім беру бағдарламасының қатысушылары, алматылық түрлі мектептердің 15–17 жастағы оқушы қыздарымен кездесті.

Ашық диалог форматында жоғары сынып оқушылары авиация саласындағы әйелдерге арналған мансаптық мүмкіндіктер туралы біліп, кәсіби даму жөнінде кеңестер алды. Әуе компаниясының пилоты мен авиаинженері жастарға саладағы инженерия мен технологиялардың рөлі, STEM мамандықтарының артықшылықтары, авиациядағы кейбір мамандықтарға қатысты қалыптасқан стереотиптерді еңсеру, сондай-ақ пилоттарды даярлау кезеңдері мен авиаинженерлерді оқыту туралы айтып берді.

«Біздің мамандықта әйелдер саны жыл сайын арта беретініне сенімдімін. 2025 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 1500 пилот болса, соның ішінде небәрі 34-і ғана әйел. Алдағы уақытта жаңа буын қыз-инженерлер мен пилоттар бұл үрдісте маңызды рөл атқарады. Ең бастысы – жастардың өзіңе сеніп, мақсатыңа табанды түрде ұмтылуы», — деді Air Astana әуе компаниясының аға екінші пилоты Несіпбаева Ажар.

Air Astana тең мүмкіндіктер қағидаттарын жүйелі түрде ілгерілетіп, 2024 жылдан бері Technovation Girls бағдарламасының серіктесі болып келеді. Әуекомпанияның 7000-нан астам қызметкерінен шамамен 4300 авиация саласының түрлі бағыттарында еңбек ететін әйелдер. Олардың қатарында 19 пилот, 1769 бортсерік және 32 инженер мен механиктер.