Студенттік өмірдің жарқын көрінісі

ҚазҰУ жастарының белсенділігі

Студенттік кезең – адам өміріндегі ең маңызды әрі есте қаларлық уақыттардың бірі. Осы кезеңде жастар білім алып қана қоймай, жаңа достар тауып, өмірлік тәжірибе жинақтайды және өз болашағын қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерге жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін білім ордасы ретінде ерекше орын алады.

Университеттің белсенді студенттік өмірі жастардың шығармашылық, ғылыми және қоғамдық қабілеттерін дамытуға бағытталған. ҚазҰУ-дың студенттік өмірі түрлі бағыттағы шараларға толы. Университет қабырғасында жыл сайын ғылыми форумдар, мәдени фестивальдер, жастар кездесулері және спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Осы сынды іс-шаралар студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және шығармашылық әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай шаралар жастардың ұйымшылдық қасиетін қалыптастырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ықпал етеді.

Білім ордамыздың студенттері ғылыми ізденіске де ерекше көңіл бөледі. Университетте студенттік ғылыми қоғамдар мен зерттеу топтары жұмыс істейді. Жас ғалымдар түрлі ғылыми жобалармен айналысып, конференциялар мен ғылыми байқауларға қатысады.Жоғарыда аталған бастама олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытып, болашақ зерттеуші маман ретінде қалыптасуына жағдай жасайды. Университеттің ғылыми ортасы студенттердің шығармашылық ізденістерін қолдап, олардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Студенттердің мәдени өмірі де өте қызықты әрі мазмұнды. Университетте өткізілетін концерттер, театр қойылымдары, әдеби кештер және өнер фестивальдері жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Студенттер мұндай шараларға белсенді қатысып, өз өнерлерін көпшілікке таныстырады. Сонымен қатар университетте еріктілер қозғалысы да белсенді жұмыс істейді. ҚазҰУ жастары түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, қоғамдағы маңызды мәселелерге өз үлестерін қосуда. Олар қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акцияларға қатысады. Мұндай бастамалар студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, олардың азаматтық позициясын қалыптастыруға ықпал етеді.Спорттық іс-шаралар да студенттік өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Университетте түрлі спорттық клубтар мен секциялар жұмыс істейді. Студенттер спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатысады. Қорыта айтқанда, ҚазҰУ студенттерінің белсенді өмірі – олардың тұлғалық дамуына үлкен ықпал ететін маңызды фактор. Университет жастары біліммен қатар қоғамдық, ғылыми және мәдени өмірге белсенді қатысып, өз мүмкіндіктерін жан-жақты жүзеге асыруда. Осындай белсенді ортада тәрбиеленген жастар болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білімді, шығармашыл және жауапкершілігі жоғары азаматтар болып қалыптасады.

М.Қ. БИСЕНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті қылмыстық құқық,

қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к.