ҚазҰУ тұрақты қоғам қалыптастыру жолында

Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі-қалалар мен елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Урбанизация үдерісінің қарқынды дамуы қалалық инфрақұрылымға, экологиялық жағдайға және әлеуметтік тұрақтылыққа жаңа талаптар қойып отыр. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 11, яғни тұрақты қалалар мен қауымдастықтарды қалыптастыру мәселесі ерекше маңызға ие.

Бұл бағытта еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. ҚазҰУ-дың даму стратегиясында тұрақты даму қағидалары ерекше орын алады. Университет тұрақты даму идеяларын білім беру бағдарламаларына енгізіп, студенттердің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Оқу процесінде тұрақты даму, экология, қоршаған ортаны қорғау және урбанистика мәселелеріне арналған пәндер оқытылады. Осы бастама студенттердің тұрақты қалалар концепциясын терең түсінуіне және болашақта осы бағытта кәсіби қызмет атқаруына мүмкіндік береді.

Университеттің ғылыми ортасы да ТДМ 11 мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған зерттеулермен айналысады. Оқу ордамыздың ғалымдары қалалық инфрақұрылымның дамуы, экологиялық қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жасыл технологиялар мәселелерін зерттеуде. Мұндай ғылыми жобалар қалалардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді. ҚазҰУ кампусы – тұрақты даму қағидалары жүзеге асырылып жатқан маңызды білім беру кеңістігі. Университет аумағында жасыл аймақтарды көбейту, энергияны тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Студенттер мен оқытушылар экологиялық акцияларға белсенді қатысып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

Сонымен бірге университетте жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылады. Студенттік ұйымдар қалалық экологиялық мәселелерді талқылауға арналған форумдар, семинарлар және әлеуметтік бастамалар ұйымдастырып келеді. Халықаралық ынтымақтастық та ҚазҰУ-да ТДМ 11 мақсаттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеу жобаларын жүргізіп, тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар ұйымдастырады. Аталған жобалар ғылыми және білім беру бастамалары тұрақты қалаларды дамытуға бағытталған жаңа идеялардың пайда болуына ықпал етеді. ҚазҰУ-да ТДМ 11 мақсаттарын жүзеге асыру білім беру, ғылыми зерттеулер және қоғамдық бастамалар арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Университет тұрақты даму қағидаларын қолдай отырып, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамның тұрақты дамуына үлес қосуға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізуде. Осындай бастамалар арқылы ҚазҰУ тұрақты даму идеясын жүзеге асыруда еліміздегі жетекші білім беру орталықтарының бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді.

М.Қ. БИСЕНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті қылмыстық құқық,

қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к.