ҚазҰУ-дағы тұрақты даму бастамалары

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Экономикалық өсім, әлеуметтік әл-ауқат және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін үйлестіре отырып, қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізу барлық мемлекеттер мен ұйымдардың басты бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бүкіл әлем елдері үшін маңызды бағдарға айналды. Бұл бастама тек мемлекеттік саясат деңгейінде ғана емес, білім беру жүйесінде де кеңінен қолдау тауып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға белсенді үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі. ҚазҰУ-еліміздегі ғылым мен білімнің ірі орталығы ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму идеяларын білім беру жүйесіне енгізуді мақсат еткен заманауи университет. Университет қызметінің негізгі бағыттарының бірі жастарға сапалы білім беру арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатын білікті мамандарды даярлау. Осы мақсатта университетте тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған түрлі білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар және әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда.

Бүгінде оқу ордамызда тұрақты даму мақсаттары білім беру процесімен тығыз байланыстырылған. Университеттің көптеген факультеттерінде тұрақты даму тақырыбы оқу бағдарламаларына енгізіліп, студенттерге экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік әділдік, құқықтық мәдениет және инновациялық даму мәселелері жөнінде терең білім беріледі. Университеттің ғылыми-зерттеу қызметі де тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Қара шаңырақ ғалымдары экология, энергетика, экономика, құқық және әлеуметтік саясат салаларында маңызды ғылыми зерттеулер жүргізіп, қоғам үшін өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысуда. Ғылыми жобалар мен зерттеулер нәтижесінде жаңа идеялар мен инновациялық шешімдер ұсынылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде. Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда университеттің студенттері де белсенді рөл атқарады. ҚазҰУ-да түрлі студенттік ұйымдар, жастар қозғалыстары және еріктілер топтары жұмыс істейді. Олар экологиялық акциялар, қайырымдылық шаралары, ғылыми конференциялар мен пікірталастар ұйымдастырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға үлес қосуда. Мұндай бастамалар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастырады. Сонымен қатар ҚазҰУ-да тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған көптеген әлеуметтік жобалар қолға алынған. Университет аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау, энергия тиімділігін арттыру және ресурстарды үнемдеу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда халықаралық ынтымақтастықтың да маңызы зор. ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерімен серіктестік орнатып, халықаралық ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Аталған шара тәжірибе алмасуға, жаңа білім мен инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде университеттің білім беру сапасы артып, халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеулердің дамуына жол ашылады.Оқу ордамыздың тұрақты даму бағытындағы бастамалары білім беру сапасын арттырумен қатар, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Университет қабырғасында тәрбиеленген жастар тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар қоғамның дамуына үлес қосатын жауапты азамат ретінде қалыптасады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді. Университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік қызметі тұрақты даму қағидаттарына негізделіп, қоғамның дамуына үлес қосуға бағытталған. Жастардың сапалы білім алып, ғылыми ізденістермен айналысуы және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы тұрақты дамудың маңызды факторы болып табылады. Осылайша ҚазҰУ тұрақты даму идеясын жүзеге асыру арқылы болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

С.Ж. СУЛЕЙМЕНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Заң факультеті  азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы

кафедрасының оқытушысы,

заң ғылымдарының докторы, профессор