Будапештте Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында Наурыз мейрамы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше көңіл күймен аталып өтті. Іс-шараны Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі, «Barsz» қоры, Будапешттегі қазақ диаспорасының өкілдері және «Құрылтай» студенттік қоры бірлесіп өткізді.

Мерекелік кеш барысында Қазақстаннан келген студенттермен қатар мажар жастары да өнер көрсетіп, екі елдің мәдени байланысының нығая түскенін айқын көрсетті.

Әнші әрі композитор Тамаш Палчо мен музыкант Богларка Фехер «Barsz» қорының белсенді қолдаушылары ретінде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланысты дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Олар қазақ мәдениетіне деген ерекше құрметін сахнада өнер көрсету арқылы жеткізді.

Сондай-ақ мажар би өнерпаздары Донат пен Шара да мәдени ынтымақтастықты қолдап, қазақтың ұлттық дәстүрлері мен өнеріне деген сүйіспеншілігін білдірді. Бұл өз кезегінде екі халық арасындағы достық пен мәдени алмасудың шынайы көрінісіне айналды.

Наурыз мерекесі Будапешт төрінде тек ұлттық дәстүрлерді дәріптеп қана қоймай, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы рухани байланысты одан әрі тереңдете түсті.