Алматы-Шанхай бағыты: бір рейс, басқа ырғақ, жаңа әлем

Азияның ең ірі мегаполистерінің бірі саналатын Шанхай туралы көп айтылып жүр. Бірі оны қаржы орталығы дейді, енді бірі болашақтың қаласы деп сипаттайды. Бірақ бұл пікірлердің ешқайсысы алып шаһар толық мағлұмат бермейді. Себебі Шанхай бір сөзбен сипаттауға келмейтін, үнемі өзгеріп тұратын, әр келген сайын жаңа қырынан ашылатын қала. Алматыдан ұшып шыққан кезде бұл сапардың жай ғана география емес екенін түсінесің. Бірнеше сағат бұрын өзің жүрген көшелер, таныс ритм, баяулау өмір ырғағы артта қалады да, шамамен алты-жеті сағаттан кейін мүлде басқа кеңістікке қонасың. Бұл айырмашылықты Air Astana компаниясы ашқан жаңа Алматы-Шанхай жаңа рейсі бұрынғыдан да айқын сезінуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыт тек әуе қатынасы емес, бұл екі түрлі әлемнің арасындағы қашықтықты қысқартқан нақты көпір. Бұрын Шанхайға жету транзиттік жол мен виза талап етсе, енді билет алып, тікелей ұшуға болады. Бірақ ең қызығы ұшу уақыты емес, ұшақ қонған кезіндегі ерекше сезім.

Шанхайға келген сәттен бастап қала әсемдігін бірден көрсетпейді. Ол сенің алдыңа біртіндеп ашылады. Алғашқы әсер – қала көлемі. Алматы аумағынан он есе үлкен қаланың әуежайдан шыққаннан бастап-ақ көлемін, қозғалысын, ұйымдасқан хаосын байқайсың. Бірақ бұл хаос емес, бұл жүйе. Мұнда адам саны мен көлік көп, неше түрлі жарықтарға толы, бірақ бәрі бір қалыпты жұмыс істейді. Қала өз ережесімен өмір сүреді, сен соған бейімделесің. Бірнеше сағаттан кейін ғана түсінесің: Шанхай көлемімен емес, көп қабатты ғимараттарымен әсер етеді. Бұл жерде бір ғана қала жоқ. Мұнда бір уақытта бірнеше Шанхай өмір сүріп жатыр. Бірі қаржы мен технология орталығы, екіншісі тарих пен дәстүрдің сақтаушысы, үшіншісі заманауи урбанистика мен цифрлық мәдениеттің үлгісі. Осы қабаттардың бәрі қатар жұмыс істейді және бір-біріне кедергі келтірмейді.
Қаламен танысудың ең табиғи нүктесі – Хуанпу өзенінің жағасындағы Вайтань. Бұл жерді көпшілік ашықхаттардан таниды, бірақ шын өмірде оның әсері мүлде басқа. Бір жағында еуропалық стильдегі тарихи ғимараттар, ауыр, салмақты, уақыттың ізін сақтап тұрған архитектура. Екінші жағында Пудун, әйнек пен болаттан тұрғызылған алып ғимараттар. Күн батқанда бұл екі әлем жарық арқылы байланысады. Ғимараттар жанып, өзен айдынға айналып, қала өзін толық ашатын сәт басталады. Бұл жерде Шанхай өзін көрсеткісі келмейді, ол өзін дәлелдейді. Қарап тұрсаң, бұл тек әдемі көрініс емес, бұл энергия, бұл үздіксіз қозғалыс. Сол сәтте бұл қаланың тоқтаусыз тыныс алатынын түсінесің.

Ал кеш түскен сайын Шанхай мүлде басқа күйге енеді. Күндізгі іскер, асығыс қала бір сәтте жарыққа оранып, әлдеқайда эмоцияға толы кеңістікке айналады. Вайтань бойымен жүрген адамдар саны көбейеді, өзен үстіндегі қайықтар жарықпен безендіріліп, аспанмен таласқан мұнаралар түрлі түске боялады. Қала дәл осы уақытта өзінің шынайы бейнесін көрсететіндей. Бұл тек сыртқы әдемілік емес, бұл өмірдің тоқтамайтынын сездіретін күй. Шанхай түнде тынышталмайды, керісінше, жаңа қарқынмен өмір сүре бастайды. Сол сәтте сен көрермен емес, осы қозғалыстың бір бөлігіне айналасың.

Өзеннің арғы бетіне өткенде Шанхайдың басқа қыры ашылады. Пудун – бұл болашақтың нақты көрінісі. Мұнда орналасқан «Шығыс інжу-маржаны» мұнарасы, Shanghai Tower, Jin Mao Tower сияқты ғимараттар тек архитектуралық нысандар емес, олар қаланың ойлау жүйесін көрсетеді. Биіктен қарағанда қала карта емес, тірі механизм сияқты көрінеді. Төменде қозғалыс тоқтамайды, бірақ ол ретсіз емес. Мұнда көлем арқылы сөйлейді. Сен өзіңді кішкентай сезінесің, бірақ дәл осы сезім Шанхайды түсінудің бір бөлігіне айналады. Бұл қала адамға бейімделмейді, адам осы қалаға бейімделеді. Алып қаланың басты ережесі осы.
Бірақ Шанхай тек қарқын мен биіктік емес. Бір сәтте ол мүлде басқа реңкке ауысады. Юйюань бағына кіргенде сырттағы дыбыс бәсеңдеп, уақыт баяулағандай әсер береді. Ағын су, ағаштар, тастар бәрі үйлесім тапқандай. Көпірлер, шағын аулалар мен тоғандар мегаполистің ортасында тұрғанына қарамастан, басқа кеңістікті еске салады. Бұл жерде асығудың мәні жоқ. Бірнеше минуттан кейін түсінесің: бұл жер қаланың тыныс алатын нүктесі. Шанхай осылай демалады. Сол сәтте мегаполистің тек жылдамдық емес, баланс екенін аңғарасың.
Ал қала ырғағын сезінгің келсе, арнайы бір орын іздеудің қажеті жоқ. Ол барлық жерде бар. Бірақ Нанкин көшесіне шыққанда бұл ырғақ айқын көрінеді. Мұнда адамдар легі тоқтамайды, жарықтар сөнбейді, қозғалыс бәсеңдемейді. Бұл мегаполистің жүйке жүйесі сияқты. Әр адам өз бағытымен жүріп бара жатыр, бірақ бәрі бір ағынның ішінде. Бір сәтке тоқтап қарап тұрсаң, түсінесің: Шанхай ғимараттардан емес, адамдардан тұрады. Солар оның негізгі энергиясы.

Шанхайдың тағы бір қыры оның тек бизнес пен мәдениет қана емес, эмоция мен әсерге де толы қала екенінде. Қаладан сәл шеткері орналасқан Shanghai Disneyland соның айқын дәлелі. Бұл жай ғана ойын-сауық орталығы емес, толыққанды бөлек әлем. Мұнда бәрі бүге-шігесіне дейін ойластырылған: архитектура, дыбыс, атмосфера. Әсіресе кешке қарай саябақ ерекше кейіпке енеді. Шамдар жанып, басты қамал жарықпен көмкеріліп, ертегі мен шынайы өмірдің шекарасы жоғалғандай әсер береді. Бір сәтке мегаполистің қарқынын ұмытып, бала кезіңдегі қарапайым қуаныштарға қайта оралғандай боласың. Шанхайдың дәл осындай контрасттарға толы болуы – оның басты ерекшелігі: таңертең сен әлемдік қаржы орталығында жүрсең, кешке ертегінің ішінде жүргендей күй кешесің.
Осындай тәжірибені бұрын жоспарлап, уақыт бөліп, бірнеше маршрут құрып барып қана сезінуге болатын. Ал бүгін бұл сапар әлдеқайда оңай. Air Astana ашқан Алматы – Шанхай бағыты осы процесті жеңілдетіп қана қоймай, оны жүйелі байланысқа айналдырып отыр. Компания үшін Қытай бағыты жаңа емес. Алғашқы рейстер 2002 жылы басталған, ал бүгінде бағыттар саны мен жиілігі айтарлықтай артқан. Шанхай осы стратегияның логикалық жалғасы.

Air Astana Group бас директоры Ибрахим Жанлыел:
«Шанхай – Қытайдың ең ірі әрі қарқынды дамып жатқан коммерциялық орталығы. Бұл бағыт біз үшін тек жаңа нарық емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтатын маңызды көпір. Біз жолаушыларға тек рейс емес, жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз»
Бірақ бұл рейстің мәні тек сандарда емес. Бұл қозғалыс, мүмкіндік, жаңа тәжірибеге бағытталған қадам. Шанхайға келген адам тек басқа қаланы көрмейді, ол басқа жүйені, басқа логиканы, басқа қарқынды сезеді. Ал Шанхайдан Қазақстанға келген қонақ үшін де дәл сондай жаңа әсерлер ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл бағыт екі жақты процесс.
Шанхай – бір сапармен ғана ашылатын қала емес. Оның біртіндеп танисың. Алдымен масштабымен таң қалдырады, кейін қарқынымен баурайды, сосын өзінің тереңдігін көрсетеді. Алматыдан ұшқан рейс осы кезеңнің басталу нүктесіне айналып отыр. Бірнеше сағат ішінде сен басқа әлемге өтесің, бірақ ең қызығы сол әлемге бейімделе бастайсың. Және дәл сол сәтте түсінесің: бұл сапар бір реттік емес. Бұл – қайта оралғың келетін қала.
Ғазиза Ұзақ
Шанхай қаласы




