Air Astana Шанхай бағытының іске қосылуына орай баспасөз конференциясын өткізді

Air Astana бүгін Шанхайдағы Peace Hotel қонақүйінде Алматы-Шанхай жаңа тікелей бағытының іске қосылуына орай баспасөз конференциясын өткізді. Қытайдың ең ірі әрі іскерлік белсенділігі жоғары қаласына жаңа рейстің ашылуы Air Astana-ның Қытайдағы маршруттық желісін кеңейтудегі маңызды қадам болып табылады.
Наурыз айының соңында іске қосылған Алматы–Шанхай бағыты аптасына үш рет орындалады және Air Astana-ның Бейжің, Гуанчжоу, Санья, Үрімші және Инин бағыттарына орындалатын рейстерін толықтырады. Шанхай бағытының қосылуы әуекомпанияның 2002 жылғы желтоқсанда Алматы-Бейжің рейсінен басталған Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді ұстанымын растайды.
Шанхай бағытының ашылуымен Air Astana тобы Қазақстан мен Қытайдың алты қаласы арасында аптасына 32 рейске дейін ұсынып, жолаушыларға кеңейтілген сапар мүмкіндіктерін береді. Бұл Орталық Азия, Кавказ, Еуропа және Азия арасындағы тікелей және транзиттік жолаушылар ағындарын дамытуға ықпал етеді. 2025 жылы Топ Қазақстан мен Қытай арасында 250 000-нан астам жолаушы тасымалдап, көрсеткішті 2024 жылмен салыстырғанда 96%-ға арттырды.
«Шанхай бағытының іске қосылуы – біздің маршруттық желімізді дамытудағы маңызды кезең әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың нығаюының айқын көрінісі. Біз іскерлік және туристік сегменттер бойынша тұрақты әрі қарқынды өсіп келе жатқан сұранысты байқап отырмыз, бұған визасыз режим де ықпал етуде. Шанхай – жаһандық маңызы бар ірі қала, және Қытайдағы алтыншы бағытымыз ретінде бұл бағыт екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтып қана қоймай, біздің маршруттық желіміз арқылы ары қарай сапарлайтын жолаушылар үшін де кең мүмкіндіктер ашады», – деді Air Astana тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.




