Air Astana Алматы–Шанхай жаңа бағыты – Еуразияны жалғаған әуе көпірі

Қазақстанның авиациялық саласы үшін тарихи әрі стратегиялық маңызы зор оқиға орын алды. Ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсін іске қосты. Бұл әуе желісі тек екі қаланы байланыстырып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық, мәдени және туристік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам ретінде бағалануда.
Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі әрі іскерлік орталығы. Ал Шанхай – әлемдегі жетекші қаржы және сауда хабтарының бірі. Осы екі қала арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы логистика мен іскерлік байланысты айтарлықтай жеңілдетеді.
Жаңа рейс аптасына үш рет орындалады және бұл тек бастамасы ғана. Компания өкілдерінің айтуынша, сұраныс артқан сайын ұшу жиілігін көбейту жоспарланып отыр.
Шанхай қаласында осы тікелей рейстің іске қосылуына орай ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Air Astana Group бас директоры Ибрахим Жанлыел оның маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Шанхай – Қытайдың ең ірі әрі қарқынды дамып жатқан мегаполистерінің бірі. Біз бұл рейсті іске қосу арқылы тек екі ірі шаһарды ғана емес, тұтас өңірлерді байланыстырамыз. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан бұл қадам жолаушылар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 2025 жылы екі ел арасындағы жолаушылар саны 96%-ға өсіп, 250 мыңнан асты. Ал 2026 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш тағы 92%-ға артты. Бұл – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын дәлелі»

Айтулы оқиғаға орай Шанхайда ауқымды салтанатты кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, компания серіктестері, әуе компания басшылығы және халықаралық БАҚ қатысты.

Кеш қонақтарына Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін таныстыру мақсатында арнайы бағдарлама ұсынылды. Сахнада Astana Ballet театрының әртістері өнер көрсетіп, ұлттық және заманауи хореографияны үйлестірген қойылымдарын ұсынды. Сонымен қатар, «Парасат» тобының музыкалық композициялары кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды.

Кеш аясында ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі де өтті. Бұл көрсетілім арқылы қонақтар қазақ халқының бай мәдени мұрасымен, дәстүрлі киім үлгілерімен және заманауи сән үрдістерімен жақынырақ танысты.

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров:
«Алматы мен Шанхай арасындағы тікелей рейс екі ірі экономикалық орталықты байланыстырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтады. 2025 жылы Қазақстан 900 мыңнан астам қытайлық туристі қабылдады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Мұндай өсім елдер арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесін көрсетеді»

Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар соңғы онжылдықтарда қарқынды дамып келеді. 2013 жылы Си Цзиньпин Астанада «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын жариялаған болатын. Кейін бұл жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ретінде танылып, Еуразия кеңістігіндегі көлік және сауда байланыстарының дамуына серпін берді.
Бүгінде екі ел арасындағы сауда айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. Қытай Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің біріне айналды: экспорттың шамамен 19,2%-ы осы елге бағытталса, импорттың 29,7%-ы Қытайдан келеді.
Туризм саласы да қарқынды дамып жатыр. Бұған 2024 жылғы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы, 2025 жылғы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы және 2026 жылға жоспарланған мәдениеттердің өзара жылы сияқты бастамалар ықпал етті. Сонымен қатар, визалық режимнің жеңілдетілуі маңызды рөл атқарды: қазіргі таңда екі ел азаматтары 30 күнге дейін визасыз саяхаттай алады. Бұл туристік ағынның артуына және іскерлік байланыстардың жандануына жол ашты.
Қазақстан Қытай туристері үшін барған сайын тартымды бағытқа айналуда. Елдің табиғи ландшафттары, тарихи мұрасы және заманауи қалалары ерекше қызығушылық тудырады. Негізгі бағыттардың қатарында Алматының көркем табиғаты мен тау бөктеріндегі демалыс аймақтары, Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы сияқты бірегей нысандар, заманауи Астана, тарихи әрі рухани орталық Түркістан және ерекше геологиялық ландшафттарымен танымал Маңғыстау өңірі бар.
Алматы–Шанхай әуе желісі осы бағыттардың барлығын екі елдің туристері үшін анағұрлым қолжетімді етеді. Сонымен қатар, бұл бастама Қазақстанның халықаралық туризм картасындағы орнын нығайтып, туристік инфрақұрылымның дамуына және өңірлердің экономикалық белсенділігінің артуына ықпал етеді.
Қытайдан жыл сайын 150 миллионнан астам адам шетелге саяхаттайды. Ал Шанхайдың өзі 80 миллионнан астам жолаушы әлеуетіне ие ірі көлік торабы саналады. Бұл көрсеткіштер аталған рейстің ұзақ мерзімді перспективада жоғары сұранысқа ие болатынын айқын көрсетеді.

Air Astana бұл әуе қатынасы арқылы тек point-to-point жолаушыларды ғана емес, транзиттік ағынды да тартуды көздейді. Яғни, Шанхайдан ұшқан жолаушылар Қазақстан арқылы Орталық Азия, Кавказ және Еуропа бағыттарына ыңғайлы қатынай алады. Бұл елдің өңірлік авиациялық хаб ретінде дамуына толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар, бұл әуе желісі жүк тасымалы үшін де маңызды. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемінің өсуі логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуді талап етеді. Ал әуе тасымалы – бұл тұрғыда ең жылдам әрі тиімді құралдардың бірі.
Алматы–Шанхай бағыты – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық жоба. Air Astana осы бастама арқылы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық байланыстарын кеңейтіп отыр.
Бұл рейс тек әуе қатынасы ғана емес. Ол – экономикалық өсімнің, туризмнің дамуының және мәдени диалогтың маңызды драйвері. Жаңа мүмкіндік іскерлік қарым-қатынастарды жандандырып, инвестициялық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
Алдағы жылдары Алматы мен Шанхай арасындағы бұл әуе көпірі Еуразия кеңістігіндегі маңызды байланыс арнасына айналады деп күтілуде. Ол Қазақстанның жаһандық көлік және туристік хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайта түседі.
Ғазиза Ұзақ
Шанхай қаласы


