Астанада Орталық Азия медиасына арналған медиа-зертхана басталды

Астанада Орталық Азия елдерінің медиа қауымдастығын біріктірген маңызды бастама – Орталықазиялық медиа-зертхана (медиа-тренинг) өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 30-ға жуық журналист, блогер және түрлі министрліктер мен ведомстволардың баспасөз қызметінің өкілдері қатысуда. Бұл алаң өңірдегі ақпарат кеңістігінде өзекті тақырыптарды кәсіби әрі сапалы жеткізуге бағытталған тәжірибе алмасу ортасына айналмақ.
Медиа-зертхана Орталық Азияға арналған су-энергетикалық бағдарлама (CAWEP) бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Аталған бағдарлама Дүниежүзілік банк тарапынан басқарылып, өңірдегі су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мен тұрақты дамуды қолдауға бағытталған. Тренинг Қазақстанның бас қаласында өтіп жатқан Аймақтық экологиялық саммит және Орталық Азия климаттың өзгеруі жөніндегі конференция аясында ұйымдастырылып отыр.
2023 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл медиа-тренингтің басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің климаттық өзгерістер, экологиялық қауіптер, су мен энергия саласындағы ынтымақтастық, адам мен жануарлар денсаулығын қорғау, сондай-ақ тозған жерлерді қалпына келтіру сияқты күрделі тақырыптар бойынша білімін арттыру. Сонымен қатар қатысушыларға осы мәселелерді кең аудиторияға түсінікті әрі қолжетімді тілде жеткізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріледі.
Бағдарлама аясында қатысушылар өңірлік және халықаралық сарапшылармен тікелей пікір алмасып, өз материалдарына қажетті түсініктемелер мен деректер алуға мүмкіндік алады. Сарапшылар қатарында Дүниежүзілік банк мамандары да бар, бұл өз кезегінде ақпараттың сапасы мен сенімділігін арттыра түседі.
Медиа-зертхананың жүзеге асуына халықаралық серіктестер де қолдау көрсетіп отыр. Атап айтқанда, бастама Еуропалық одақ, Швейцария және Ұлыбритания тарапынан қаржыландырылса, іс-шараны ұйымдастыруға PwC Kazakhstan және Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы да үлес қосқан.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар өңір елдері арасында ақпарат алмасуды күшейтіп қана қоймай, экологиялық және климаттық мәселелерді қоғамға дұрыс жеткізу арқылы тұрақты дамуға серпін береді. Медиа-зертхана қатысушылары үшін бұл тек оқыту алаңы емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен кәсіби байланыстар қалыптасатын маңызды платформаға айналмақ.
Жаңалықтар
-
Өңірлік экологиялық саммит – 2026 қорытындылары
24.04.2026, 18:02 -
Дала философиясы: AlmaU-де «Ұлы Дала Академиясы» ашылды
24.04.2026, 16:53
Сайт туралы
NAZARMEDIA — сайты мәтін түрінде, бейнекөрініс және сурет арқылы ақпарат тарататын тәуелсіз желілік басылым.
Сайт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінде №KZ05VPY00115466 куәлігімен ақпарат агенттігі болып тіркелген.
Бізбен байланыс
Тел.: +7 777 971 5767
E-mail: nazarmedia.kz@gmail.com
WhatsApp: +7 777 971 5767
Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде Nazarmedia.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді.
Мобильдік қосымша
Сайтымыздың мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз.
![]()



