Елордалық театр Бірлік күнінде «Абай» операсын ұсынады

Қазақстан халқының бірлігі күні, 1-2 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы ұсынылады. Екі күнде де театрдың опера солистері, хор, балет және миманс әртістері, симфониялық оркестр музыканттары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты маэстро Алан Бөрібаевтың басқаруымен өнер көрсетеді.
Спектакль көрсетілімдері арқылы елордалық театр биыл 120 жылдық мерейтойлары елімізде кеңінен атап өтіліп жатқан композиторлар – Қазақ КСР халық әртістері Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің рухына құрмет көрсетеді. Қос халықтың осы асыл перзенттерінің шығармашылық әрі достық байланысының нәтижесінде сонау 1944 жылы қазақ опера өнерінің жауһарына айналған «Абай» операсы дүниеге келді. Олардың мысалына қарап, өнердің адамдарды біріктіре алатын құдіретті күшіне еріксіз таңғаласың.
«Астана Опера» әртістері де мәдениет пен өнер сан алуан ұлт өкілін рухани жақындастыратынын ерекше атап өтті. Бұл сөзбен симфониялық оркестрдің фагот тобының дарынды музыканты Евгений Ким де толығымен келіседі. Әйтпесе, ол 2013 жылы «Астана Опера» ашылғанда сонау Ташкенттен осында келер ме еді? Сол жылы театр оркестріне халықаралық байқау жариялануы өзбекстандық фаготшының зор қызығушылығын туғызған. Сөйтіп ол көп ойланбастан өз күшін байқап көруді ұйғарған. Содан бері Астана әртістің екінші үйіне айналды.
– 2013 жылға дейін мұнда «Шабыт» халықаралық байқауына екі рет келген едім, сондықтан Астана маған жақсы таныс болды. Бұдан бөлек, сонау 1982 жылы бұл қалада (бұрынғы атауы Целиноград) менің анам оқыған. Сол себепті мен мұнда келіп жүргенде өзімді ешқашан бөтен адамдай сезінген жоқпын. Халықаралық қазылар алқасының сынынан сүрінбей өтіп, әлемдік деңгейдегі өнер ордасына жұмысқа қабылдануым – өмірімдегі мақтанышпен айтарлық ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Бүгінде «Астана Опера» оркестріндегі музыканттар менің қадірлі әріптестеріме ғана емес, жақын достарыма айналды. Бізді ортақ жұмыспен қатар, өнерге деген шексіз махаббат пен сахнадағы рухани бірлік байланыстырады, – деп пікірімен бөлісті Евгений Ким.
Театрдың гастрольдері аясында Қазақстанның бірнеше қаласында және шетелде өнер көрсеткен фаготшы музыка елдерді әрі адамдарды біріктіретін әмбебап тіл екеніне сенімді. Ол өзінің туған корей халқының әнін өмірінде алғаш рет 2024 жылы «Астана Опера» сахнасында орындағанын жылы еске алды. – Қазақстанда қазақ тілін үйренуге және әр ұлттың ана тілін, төл мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға толық жағдай жасалғаны маған ұнайды. Мұнда әр этностың өз мәдени орталықтары, тіпті театрлары да бар. Осындай береке-бірлігі жарасқан еліміз әрі қарай дамып, гүлдене берсін, – деп тіледі Е.Ким.
Сондай-ақ балет солисі Эркин Базарбаевты да Қазақстанға жетелеп алып келген ол – өнер. Әртіс өмірі мен кәсіби жолы әрқашан көпұлтты ортамен тығыз байланысты болғанын, ал театрда осы өзара түсіністік пен рухани бірлік ерекше сезілетінін атап өтті.
– Мен өзім Қырғызстанда туып-өскенмін. Қазақстанға Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясындағы оқуыма байланысты келіп, артынша осында жұмыс істеуге қалдым. Мен үшін Қазақстан армандарымды жүзеге асыруға және кәсіби өсуге мүмкіндік берген елге айналды. Осымен үшінші маусым бойы «Астана Операда» жемісті еңбек етіп келемін. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың маған деген сенімі мен қолдауы арқасында бірқатар спектакльде маңызды дебюттерім орын алды. Менің жұбайым да қазір менімен бірге еңбек етеді, біз мамандығымыздағы жаңа мүмкіндіктер мен жарқын белестерді осы жерде көреміз, – деп түсіндірді Э.Базарбаев.
Балет әртісі қазақтың ұлттық биі мен классикалық балеттің арасындағы айырмашылыққа тоқталып, әрқайсысының өзіндік бірегейлігін атап өтті. Оның пікірінше, қазақ биі неғұрлым еркін, онда мәнерлілік, ұлттық мінез бен қол қозғалысы басым. Ал классикалық балет қатаң техникаға, форма мен тәртіпке негізделген.

Ал хор әртісі Екатерина Шаштаулетова үшін ұлтаралық татулық тақырыбы отбасылық өмірмен біте қайнасып жатыр. – Біз үшін бірлік пен келісім бір мерекенің аясында ғана шектелмейді, бұл біздің әрбір күнімізді толықтырып тұратын басты құндылық деп айтсам, артық емес. Өйткені менің отбасым көпұлтты: мен славян халқының өкілімін, ал жұбайымның бойында қазақ пен татардың қаны бар. Сондықтан біздің үйде түрлі мәдениеттер мен салт-дәстүрлер тоғысқан. Бұл біздің өмірімізді одан сайын мазмұнды әрі қызықты ете түседі, – деп әңгімеледі Е.Шаштаулетова.
Өз сөзінде вокалист өзге халықтың дәстүрі мен мінезін, құндылықтарын музыка мен сахна өнері арқылы жақсы түсінетінін атап өтті. Ұлттық опералық қойылымдарға қатысу – Екатерина үшін қазақ мәдениетіне тереңірек бойлаудың бірегей жолы. Мереке күндері «Абай» спектаклінде көрермендердің алдына шығуға дайындалып жатқан әртіс ұлы ойшылдың гуманистік идеяларының маңыздылығына тоқталды.
– Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген дана сөзі – Қазақстандағы халықтар достығына арқау болатын ұстаным. Мереке күні «Абай» операсында сахнаға шығу арқылы біз бүкіл адамзатты бірлік пен ізгілікке шақырған қазақтың бас ақынының осы өсиетін паш етеміз. Спектакль алауыздықтың елге берер пайдасы жоқ екенін, бірлік пен түсіністік бар жерде ғана береке болатынын ұғындырады. Сондықтан барлығын Қазақстан халқының бірлігі күнін «Астана Операмен» бірге атап өтуге шақырамын, – деп қорытындылады хор әртісі.
Бүгінде театрда көптеген интернационалдық жұп еңбек етеді. Олардың қатарында жетекші солист Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Италия Жұлдызы» және «Парасат» ордендерінің кавалері Медет Чотабаев пен солист Галина Чеплакова да бар. Опера труппасының құрамында еңбек етіп келе жатқан жылдар ішінде олар мансап жолдарында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен Медет – италиялық көрермендердің сүйікті опера әншілерінің бірі, ал Галина «Метрополитен-операда», Бавария мемлекеттік операсында, сондай-ақ басқа да әлемдік сахналарда өнер көрсетуде.
Өз кезегінде «Астана Опера» әртістері барлық қазақстандықты келе жатқан жарқын мерекемен құттықтайды және халқымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігі нығая беруін тілейді.




