Алматыда “The Devil Wears Prada 2” фильмінің жарқын премьерасы өтті

Алматы қаласында 20th Century Studios ұсынған көптен күткен «The Devil Wears Prada 2» фильмінің премьерасы өтті. Киносүйер қауым асыға күткен кеш Chaplin Cinemas кинотеатрында ұйымдастырылып, сән мен кино әлемін тоғыстырған ерекше оқиғаға айналды.
Премьера кешіне отандық шоу-бизнес өкілдері, дубляж актерлері, танымал блогерлер мен медиа саласының өкілдері жиналды. Қызыл кілеммен алғашқылардың бірі болып дубляж актерлері жүріп өтті. Олардың қатарында Саша Барнс кейіпкеріне дауыс берген Лилия Рах, Леди Гага бейнесін дыбыстаған Динара Урбисинова, сондай-ақ екінші бөлімде Андреа мен Бенджи Барнс кейіпкерлерін дыбыстаған Карина Кудекова және Роман Жуков болды. Қызыл кілемнен кейін олар шағын сұхбат беріп, культтік фильмнің жалғасында жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.
Кеш қонақтарының қатарында көпшілікке танымал жұп Сакен Кагаров пен Айжұлдыз Адайбекова, кәсіпкер Әділ Тасболатов, сондай-ақ танымал блогерлер Ақсултан Қалиев және Жанель Ермекбаева болды. Олармен бірге digital-индустрияның өзге де өкілдері кештің сәнін кіргізді.

Премьера өтетін кеңістік фильмнің эстетикасына сай ал қызыл түсте безендірілді. Локацияда сән әлемінің атмосферасын жеткізетін тақырыптық инсталляциялар қойылып, ерекше көзге түскені — алып туфли инсталляциясы мен айнасы бар подиум болды. Бұл элементтер қонақтарды сән индустриясының сахна сыртындағы әлеміне жетеледі.
Қонақтар үшін бірнеше фотозона мен фотобудка ұйымдастырылып, олар естелік суреттерге түсіп, кештің ерекше сәттерін сақтай алды. Кештің көңілді атмосферасын диджейдің музыкалық сеты мен бар толықтырды.
«The Devil Wears Prada 2» фильмінің премьерасы Алматыдағы мәдени өмірдің жарқын оқиғаларының біріне айналып, сән, кино және заманауи мәдениеттің үйлесімін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фотосуреттер: Ruslan Ziganshin




