Елордалық театр Ақтөбеде гастрольмен өнер көрсетеді

«Астана Опера» опера труппасының солистері, оркестрі, хоры және мимансы Ақтөбеге гастрольге аттанады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен елордалық ұжым 31 мамырда «Өнер орталығы» концерт залының сахнасында танымал италиялық композитор Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» жарқын комедиялық опера-буффасын ұсынады.
– Қазақстан қалаларына гастрольдік сапармен бару – біздің шығармашылық ұжым үшін әрдайым зор қуаныш. ERG компаниясының қолдауы арқасында «Астана Опера» әртістері бірқатар өнеркәсіптік қалада өнер көрсетіп, мыңдаған көрерменге асқақ өнердің ғажайып әлеміне бойлауға әрі рухани демалуға бірегей мүмкіндік сыйлады. Бір қуантарлығы, көпшілікпен мұндай кездесулер келесі гастрольдерге әркез жол ашып жатады. Міне, араға бір жыл салып, труппамыздың Ақтөбеге қайта оралатыны жанкүйерлеріміздің бізді үнемі асыға күтетінін дәлелдейді, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.
Сонымен, ақтөбелік көрермендерді «Өнер орталығы» концерт залының сахнасында Гаэтано Доницеттидің бельканто мәнеріндегі «Дон Паскуале» опера-буффасы күтеді. «Астана Опера» репертуарын «Piccolo» театры танымал жобасы аясында 2020 жылы толықтырған спектакль опера өнерінен алыс адамның өзін бірден баурап алады. Биыл наурызда елордалық ұжым осынау опералық қойылымды Павлодарда ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қайтқан еді. Мұнда мифологиялық кейіпкерлер немесе ауыр тарихи трагедия жоқ. Оқиға Римде, бай әрі қарт бойдақ Дон Паскуаленің үйінде өрбиді. Ол өзінің жалғыз мұрагері – жиені Эрнестоға қатты ашуланады, себебі Эрнесто ағасы тауып берген бай қалыңдыққа үйленуден бас тартып, кедей, бірақ сұлу жесір әйел Норинаға ғашық болады. Жиеніне өшіккен Дон Паскуале оны мұрасыз қалдыру үшін өзі үйленуге бел буады.
Спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін опера труппасының жарқын солистері жүзеге асырады: Дон Паскуалені «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан таныстырса, Норинаны «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова орындайды. Ал Эрнестоның рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин өнер көрсетеді. Айлакер Малатеста дәрігерді Ержан Саипов, Карлитоны Рамзат Балакишиев сомдайды. Кеш бойы «Астана Опера» камералық оркестрі мен хорын Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин басқарады.
Сондай-ақ гастрольдік бағдарлама аясында елордалық труппа 29 мамырда Ақтөбенің іргесіндегі маңызды өнеркәсіптік орталық Хромтауда да өнер көрсететінін атап өтуіміз керек. Театр әртістері мұндағы Мәдени демалыс орталығы сахнасына осымен екінші рет шықпақшы. Былтыр бұл орталық «Астана Операның» концерттік бағдарламасымен алғаш рет есігін айқара ашқан еді. Сол кезде көрермендердің көп болғаны сонша, ұжым бір кеште қатарынан екі концерт берді. Бұл Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің көшбасшысы саналатын «Астана Опера» театрының еліміздің ірі қалаларындағы ғана емес, шалғай өңірлеріндегі тұрғындардың да рухани азық алуына әрдайым мүдделі екенін айғақтайды.
Хромтаулық көпшіліктің назарына ұсынылатын Вокалдық және аспаптық музыка концертінің бағдарламасын дирижер Абзал Мұхитдин талғампаздықпен құруда, ал оның тұжырымдамасын режиссер Еренбақ Тойкенов біліктілікпен айқындап жатыр. Тыңдармандар опера сахнасының шеберлері Айзада Қапонова, Салтанат Мұратбекова, Жан Тапин, Ержан Саипов, сондай-ақ театрдың гобой тобының концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова, бірінші скрипкалар тобының концертмейстері Әнел Шәкірова, флейташы Александр Тараскин, кларнетші Алмаз Тоқпанов пен тағы басқаларының орындауында ұлттық және әлемдік классика жауһарларымен рақаттануға мүмкіндік алады. Биыл елімізде 120 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіліп жатқан әйгілі композитор Латиф Хамидидің «Бұлбұл» туындысы, көпшілік жақсы көретін «Алқоңыр» халық әні, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», сондай-ақ Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Розинаның каватинасы және тағы басқа шығармалар гастрольдік бағдарламаға көрік береді. Театрдың Камералық оркестрінің үні концертке ерекше әсемдік пен қуат үстейді.
– Біз бұл гастрольге бірінші жыл қолдау көрсетіп келе жатқан жоқпыз. Уақыт өте келе оның бір реттік бастамадан қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары асыға күтетін қуанышты оқиғаға айналғанына куә болудамыз. Осы көктемде әртістер ERG кәсіпорындары жұмыс істейтін қалалар – Ақтөбе мен Хромтауда өнер көрсетеді, ал бұдан сәл ертеректе оларды Павлодар тұрғындары қарсы алған еді. Біз үшін бұл маңызды көрсеткіш: демек, мұндай формат шынымен де қажет және ол адамдардың назарын аудартады. Біреулер театрдың қойылымдарына алғаш рет келуі мүмкін, ал енді біреулер екінші немесе үшінші рет оралып жатады, жақындарын әкеледі. Нәтижесінде бұл компанияның жұмыстағы міндеттерінен тыс жалпыға ортақ өмірінің бір бөлшегіне айналуда, – деп атап өтті Қазақстандағы ERG бас директоры Абылай Сәденов. – Өнермен кездесу шынымен ой сергітуге және жаңа әсер алуға мүмкіндік береді.
Бұл күндері екі алаңда да, яғни «Өнер орталығы» концерт залы мен Мәдени демалыс орталығының фойелерінде өнер мен пайдалы қазбалардың үндестігін паш ететін enERGy of Earth тақырыптық фотокөрмесі жайғасатынын атап өтуіміз керек.
Ақтөбе мен Хромтаудағы негізгі аудиторияны Дөң тау-кен байыту комбинатының, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері құрайды. Сондай-ақ өнер көрсетулерді қала тұрғындары мен қонақтары да тамашалай алатынын еске саламыз.




