Нұржамал Үсенбаева Ғазиза Жұбанова атындағы квартеттің мерейтойлық жылында Шенбергті орындайды

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті өзінің 30 жылдығын «Қазақквартет шақырады» топтамасы аясындағы «Уақыт сазы» жарқын концертімен атап өтеді. Бұл ұжымның мерейтойлық жылы өтіп жатқан шараларының бірі болмақ. 23 мамырда «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында ұсынылатын осынау музыкалық кешті асқақ өнерді бағалайтын жандар айналып өте алмайды. Аңызға айналған опера әншісі, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева бағдарламаның жұлдызды қонағы болмақ. Ол Арнольд Шенбергтің Екінші ішекті аспаптар квартетінде жеке партияны орындайды.
Шығармашылық ұжым отыз жыл ішінде шеберлікке әрі өзінің қайталанбас мәнеріне ие болды. «Уақыт сазы» мерейтойлық концертінің атауы айтып тұрғандай, бұл бағдарлама тыңдармандардың алдына Йозеф Гайднның классикалық айқындылығы, Арнольд Шенбергтің үздіксіз жаңашылдығы мен заманауи қазақстандық композитор Ермек Өміров шығармасының премьерасы сынды үш дәуірдің келбетін алып келеді. Алайда кештің басты оқиғасы – бағдарламаға Нұржамал Үсенбаеваның қатысуы болмақ. Әншінің керемет дауысы опера жауһарларында да шырқалып, ХХ ғасырдағы музыканың болмыстық тереңдігіне ене алады.
А.Шенбергтің Екінші ішекті аспаптар квартеті (ор. 10) – 1908 жылы жазылған бетбұрысты туынды. Ол автордың шығармашылығындағы ескі үйлесімділікті бұзып, атональдылыққа (дәстүрлі әуендік жүйеге бағынбаушылыққа) орын берді. III және IV бөлімдерде ішекті аспаптарға дауыс қосылады.
Нұржамал Үсенбаева материалдың вокалдық дәулескерлікті талап ететінін жасырмады. – Арнольд Шенбергтің Екінші ішекті аспаптар квартеті – жаңашылдықтың жарқын үлгісі. Оның ерекшелігі – екі бөлімде Стефан Георгенің өлеңіне жазылған шығарманы орындайтын сопраноның шырқалуы. Композитордың жеке күйзелісін бейнелейтін бұл туынды орындауға да, қабылдауға да күрделі, бірақ ол сонысымен қызықты. Кейінірек Шенберг он екі тондық жаңашыл композициялық әдісін ойлап тапты, – деп атап өтті әнші.
Н.Үсенбаева әртістің басты міндеті тыңдарманды өзінің соңынан ерту екенін атап өтті. – Біздер, музыканттар жан-жақтымыз, біздің мамандығымыз мәнері мен дәуіріне қарамастан сан алуан музыканы жоғары деңгейде орындай білу қабілетін талап етеді. Дәл осы себептен мен бұл жобаға қатысу туралы ұсынысты еш ойланбастан қуана қабылдадым. Бұл шығарма жасалып жатқан шақта үйреншікті шектеулерді жоятын музыканы жазу айрықша сәнде болатын. Алайда мен үшін мұнда сәнге тиісті баға берілгені маңызды емес, мен үшін шығармада анық орын алған терең ішкі философиясы маңыздырақ. Онда өз шындығы, өзіндік жан жарасы мен таңғажайып тереңдік бар. Жалпы алғанда мен неміс музыкасына, оның зияткерлігіне, мәнерлілігі мен ішкі тәртібіне ерекше ықыласпен қараймын. Және, әлбетте, біз барлығын тұпнұсқадағыдай неміс тілінде орындаймыз, өйткені композитор салып кеткен мағыналық әрі интонациялық реңктерді осылай ғана жеткізуге болады, – деп түсіндірді Нұржамал Үсенбаева.
Танымал әртіс үшін бұл А.Шенбергтің партитурасымен алғашқы кездесу емес. Ол бұл квартетті көп жыл бұрын дәл осы ұжыммен, яғни Ғазиза Жұбанова атындағы квартетпен Алматыда орындаған еді. Араға ұзақ жыл салып осынау маңызды тәжірибеге оралу әнші үшін қуанышты оқиғаға айналды. – Мен бірге өнер көрсететін ұжым мерейтойын атап өтуде. Олар жоғары деңгейдегі музыканттар, сондықтан олармен жұмыс істеу мен үшін әрдайым зор ғанибет. Біздің камералық бағдарламамыз маған қатты ұнайды.
Айта кетейік, бағдарламаға Йозеф Гайднның «Әзіл» тақырыпшасымен белгілі №2 ішекті аспаптар квартеті, ми-бемоль мажор, op. 33 енді. Бүгінде өзінің шығармашылығымен дәстүрді жаңа арнаға бағыттаған заманауи қазақстандық автор Ермек Өміровтің Бірінші ішекті аспаптар квартетінің премьерасы кештің қорытынды аккорды болмақ.
Осы аталған барлық туындыны биыл шығармашылық жолдары мерейлі де жарқын межеге келіп, сахнадағы 30 жылдықтарын атап өтіп жатқан музыканттар орындайды. Ұжымның құрамында тұрақты көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель), Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка) және Бекзат Сайлаубайұлы (альт) бар.




