«Опералия» жақындап келеді

21 мамырда басталып, 12 шілдеге дейін жалғасатын «Опералия-2026» халықаралық музыкалық фестивалі биыл алғаш рет «Астана Операдан» тыс жерлерде де өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен концерттер мен спектакльдер үш алаңда жүреді. Қатысушы елдердің қатарында Италия, Франция, Мексика, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Болгария, Словения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен басқа да елдер бар. Осылайша, бір жарым айдың ішінде сахнаға он алты мемлекеттің әртістері шығады.

Ең алдымен, «Опералия» үйреншікті фестиваль шеңберінен баяғыда-ақ шығып, өзіндік бет-бейнесі, дәстүрлері мен өз көрермендері бар нағыз мәдени оқиғаға айналғанын айтуымыз керек. Ол 21 мамырда Үлкен зал сахнасында Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының әлемдік премьерасымен ашылады. Бұл театрдың төл дәстүрлеріміз бен ұлттық мәдениетімізге деген адалдығын айшықтай түседі, содан кейін ғана театр басқа да әлемдік жауһарларды ұсынады. Бірінші кеште тамашалап үлгермеген жандар үшін опера 22 мамырда қайта көрсетіледі.

Ал 24 мамырда Үлкен залда заманауи хореографияны бағалайтын көрермендер жиналады деп күтілуде. Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» және И.Килианның «Кіші өлім» балет кештері көрерменмен тән мен уақыт тілінде өрбитін философиялық әңгіме болмақ. Мұндай кештер бағдарламаға ойын-сауықтық қызметті атқару үшін ғана емес, сонымен қатар көрермендердің талғамын қалыптастыру, оларды әлемдік хореографиялық өнердегі үрдістермен таныстыру үшін енгізіліп отыр.

27 мамырда сахнада опера жауһары – махаббат, жастық шақ, кедейлік пен өмірдің қатал шындығы жайлы әсерлі хикая Дж.Пуччинидің «Богемасы» ұсынылады. Дирижер тұғырында – италиялық маэстро Дж.Акуавива. Бұл күні Мимидің партиясын ресейлік Валентина Правдина таныстырады.

Театр таңғалдыруын әрі қарай жалғастырады. 31 мамырда ғасырлар өтсе де, мәнін жоймайтын тағы бір классика – П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде өнер көрсетуге Мариинский театрынан жетекші солистер жұбы – Мария Ильюшкина мен Эван Капитен шақырылды, ал дирижер тұғырында – Руслан Баймурзин. Осы ретте айта кетейік, оның жетекшілігімен 23 мамырда жаңа алаң – «Бейбітшілік және Келісім Сарайында» фестиваль таныстырылады. Онда «Астана Опера» симфониялық оркестрімен және «Щелкунчик» балет студиясымен бірге Ә.Ыдырысовтың музыкалық өңдеуінде М.Мусоргскийдің «Көрмедегі суреттер» балаларға арналған хореографиялық қойылымы орындалады. Балалар мен классиканың үндестігі  фестивальдің барлық жастағы көрермендерге және залдарға ашық екенін көрсетудің өте дұрыс шешімі болмақ.

Дегенмен Үлкен залға оралайық. 4 маусымда сахнада «Талғат Мұсабаев шақырады» гала-операсы өтеді. Бұл оқиға әртістің опера сахнасындағы 25 жылдығына орайластырылып отыр және ол шығармашылықпен айналысуға, өнерін паш етуге және рухани кемелденуге берілген мүмкіндік үшін алғыс айту кеші болмақ. Дирижер – Ерболат Ахмедьяров. Бенефиске опера труппасының солистері мен шақырылған әртістер Шенол Талынлы (тенор, Түркия), Барсег Туманян (бас, Армения) қатысады.

7 және 10 маусымдағы бағдарламада А.Аданның «Жизель» балеті тұр. Дирижер тұғырында – Элмар Бөрібаев. 10 маусымда труппаға шақырылған балет жұбы қосылады.

13-14 маусымда фестивальдің репертуарына Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» енгізілді, дирижер – Арман Оразғалиев. Бірінші күні көрермендер Немориноның партиясында мәскеулік Жаңа Операдан шақырылған тенор Нұрлан Бекмұхамбетовты, екінші күні Адинаның рөлінде Болгариядан Стефани Крустева-Павлованы тыңдайды. Осынау жеңіл әрі жарқын операдан кейін өмірге күлімдей қарап, махаббатқа сенгіңіз келеді.

19-21 маусым аралығында сахнада Морис Жаррдың музыкасына «Париж Құдай анасының соборы» балеті жүреді. Дирижер тұғырына қайтадан Арман Оразғалиев көтеріледі. Авангардтық балетте ортағасырлық атмосфера, классикалық балеттің дәстүрлі элементтері мен заманауи техникалар біріктірілген. Көрнекті шебер Ив Сен-Лоранның қолынан шыққан жарқын, сәнді костюмдер хореографиялық шешімдерді лайықты толықтырып, спектакльдің көркін келтіреді.

Біртуар режиссер, суретші-сценограф Франко Дзеффиреллидің қойылымындағы Дж.Вердидің «Аидасы» фестивальдің екінші жартысындағы айтулы опера оқиғасына айналады. Спектакльдер дирижер Абзал Мұхитдиннің басқаруымен 26, 27 және 28 маусымда өтеді. Бірінші және үшінші күндері Радаместі италиялық тенор Эмади Лага, екінші күні Амнеристі Анастасия Болдырева (Ресей – Италия), Амонасроны мексикалық әртіс Карлос Альмагер орындайды.

28 маусымда фестиваль қайтадан «Бейбітшілік және Келісім Сарайына» оралады, мұнда камералық оркестр мен солист Б.Әбілханов А.Вивальди, А.Пьяццолла, Е.Подгайцтың «Жылдың 12 мезгілі» концертін паш етеді.

1 шілдеде Қытай мен Жапониядан шақырылған жұлдыздардың қатысуымен Гала-балет өтеді деп жоспарлануда. 4 шілдеде фестиваль бағдарламасына Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орайластырылған «Ұлы даланың Ұлы дауысы» Kazakh Opera Кештері Гала-операсы көрік береді. Сахнаға Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан әртістер шығады.

6 шілде Астана күнінде Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» заманауи хореография кеші мен С.Ғұмардың «Мәңгіліктің төрт сыры» премьерасы өтеді. 8 шілдеде көрермендердің назарына екі бөлімнен тұратын симфониялық концерт ұсынылады. Бағдарлама виолончель музыкасының жауһарларын қамтиды: алғаш рет Қазақстанда Дж.Соллиманың Caravaggio туындысы мен Т.Қажығалиевтің көпшілік жақсы көретін Концертштюгі таныстырылады. Симфониялық оркестрді Элмар Бөрібаев басқарады, шақырылған солистер – Еуропада танымал виолончельшілер Эльдар Сапараев пен оның жас әріптестері Словениядан Батырхан Исак және Данагүл Ажикенова. Аталмыш музыка Қазақстанда сирек орындалады, сондықтан бұл – театрға келуге керемет себеп.

Фестиваль 11-12 шілдеде Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсымен аяқталады, екі күнде де дирижер тұғырына «Астана Операның» бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро А.Бөрібаев көтеріледі. Шақырылған солистер – Филипп – Италиядан Джакомо Престиа, Инквизитор – Ресейден Михаил Гужов. 12 шілдеде XIII театр маусымы мен фестивальдің салтанатты жабылуы өтеді.

Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда да сан алуан бағдарлама ұсынылады. 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас көрермендер мен олардың ата-аналарын «Балалар театрға шақырады» концерті күтеді. Ал 3 маусымға Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Double-reed» гранд концерті жоспарланған. 7 маусымда Корей мәдени орталығының қолдауымен таныстырылатын «Opera Voyage» кешіне Корея Ұлттық операсы студиясының солистері қатысады. 11 маусымда Дж.Акуавиваның басқаруында опера солистері Т.Вицинская, Р.Жармағамбетов, Ә.Зейнолланың қатысуымен опералық-симфониялық концерт өтеді. 18 маусымда театр көрермендерді «Өнер тарландары» топтамасынан Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған «Бірегей тұлға» концертіне шақырады. 7 шілдеде Бекзат Рақымов, Санжарәли Көпбаев пен Бейбарыс Смаилдың қатысуымен «Piano stories: Шопеннен Прокофьевке дейін» фортепианолық жауһарлар концерті ұсынылады.

«Опералия-2026» халықаралық музыкалық фестивалі үш алаңды, он алты мемлекетті және өнерде шекара жоқ деген идеяның аясына біріккен ондаған әртісті қамтиды. Шындығында өнерде шекара бар, бірақ ол әркез өзінің ауқымын қайта-қайта кеңейте түсуде.