Қазақстанның Қытайдағы елшісі ҚХР СІМ-нің арнайы медалімен марапатталды

Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі алғаш рет шетелдік дипломаттарға арналған «Үздік шетел дипломаты» арнайы медалін табыстады. Марапат Қытаймен достық қарым-қатынасты дамытуға және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан елшілерге берілді.
Салтанатты рәсімде ҚХР Сыртқы істер министрі, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі Ван И сегіз дипломатқа немесе олардың өкілдеріне арнайы медаль тапсырды. Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев те бар.
Арнайы марапатқа Ресей, Камбоджа, Чад және Уругвайдың бұрынғы елшілері, сондай-ақ Пәкістан, Қазақстан, Сауд Арабиясы және Колумбияның қазіргі елшілері ие болды.
Ван И өз сөзінде дипломаттардың мемлекеттер арасындағы достықтың алтын көпірі екенін атап өтті:
«Дипломаттар мемлекеттер арасындағы достық байланыстардың көпірі әрі байланыстырушы буыны қызметін атқарады. Бұл көрнекті дипломаттардың әрқайсысы — Қытайдың жақсы досы әрі елді терең білетін маман»
ҚХР СІМ басшысының айтуынша, аталған дипломаттар екіжақты қарым-қатынастардың құрылысшыларына, Қытайды түсінудің ізашарларына, халықтарды жақындастырудың дәнекерлеріне және өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін қалаушыларға айналды.

Сондай-ақ Ван И марапат иелері алдағы уақытта да Қытай мен өз елдері арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға үлес қоса береді деген сенім білдірді.
Қазақстандық дипломат Шахрат Нұрышев бұл марапатты Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық серіктестіктің айқын көрінісі ретінде бағалады. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ-қытай қатынастарын дамыту бағытында еңбек етіп келеді. Елші Бейжің тіл университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Назарбаев Университетін тәмамдаған. Дипломатиялық қызметін 1996 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде бастап, Қытай бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызметін жалғастыруда.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарда қарқынды дамып келеді. Сарапшылардың пікірінше, Шахрат Нұрышев сияқты тәжірибелі дипломаттардың еңбегі екі ел арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуде.
Марапаттау рәсіміне Қытайда аккредиттелген дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және Қытай тарапының ресми тұлғалары қатысып, жалпы саны 300-ге жуық қонақ жиналды.




