Қазақстандық JET кикшеринг сервисі халықаралық микромобильдік операторға айналды

Алматыда 5 жыл бұрын құрылған қазақстандық JET кикшеринг сервисі ресми түрде халықаралық ойыншы мәртебесін бекітті. 2025 жылғы қаржылық есепке сәйкес, AIX алаңында тіркелген компания сапалы серпіліс жасап, шетелдік нарықтардың табыстағы үлесін 81%-ға дейін арттырды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 32% болған.
JET Group үшін негізгі өсім драйвері Бразилия болды. Бір жылдың ішінде бұл елдегі компания табысы 35 есеге өсіп, 33,4 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда Бразилия нарығы JET Group-тың жалпы табысының 69%-ын қамтамасыз етеді. Ал 2025 жылдың соңына қарай компания активтерінің 85%-ы осы елде шоғырланған.
Жаһандық кеңеюге қарамастан, Қазақстан компания үшін маңызды хаб болып қала береді. Елдегі қызметтен түскен табыс 9,3 млн АҚШ долларын құрап, топтың жалпы табыс құрылымындағы үлесі 19%-ға жетті.
2025 жылдың негізгі қаржылық көрсеткіштері:
● Консолидацияланған табыс — 48,7 млн АҚШ доллары (+270%);
● EBITDA — 17,9 млн АҚШ доллары (+560%);
● Таза пайда — 4,8 млн АҚШ доллары (3,6 есеге өсім);
● Желі ауқымы — әлемнің 7 еліндегі 60 қалада 70 мың бірлік көлік.
JET AIX биржасының құралдары арқылы капитал тартуды белсенді түрде жалғастыруда. Өткен аптада орналастырылған жаңа долларлық облигациялар Бразилиядағы көлік паркін ауқымды түрде кеңейтуге бағытталады.
Компанияның жоспары ауқымды. Бразилияның сыртқы істер министрі Мауро Виейраның айтуынша, JET Group Бразилия қалаларындағы электросамокаттар паркін 200 мың бірлікке дейін жеткізуді көздеп отыр.




