6 шілдеден бастап Алматыда электрсамокаттарға арналған үш жылдамдық режимі енгізілді

Қазақстандық JET кикшеринг операторы Алматы қаласының аумағында электрсамокаттардың жылдамдық режиміне қатысты жаңа талаптардың енгізілгені туралы хабарлайды. Қала әкімдігінің шешіміне сәйкес, бүгіннен бастап шерингтік микромобильді көлік пайдаланушылары үшін қозғалыс аймақтарына қарай жылдамдықты нақты саралау жүйесі қолданысқа енгізілді.

Алматыдағы жаңа жылдамдық шектеулері:

  • 10 км/сағ – қаланың жаяу жүргіншілер көшелері мен тротуарларының басым бөлігінде қолданылатын негізгі жылдамдық шектеуі;
  • 15 км/сағ – велосипед жолақтары мен арнайы веложолдарда рұқсат етілген жылдамдық;
  • 6 км/сағ – балабақшалар, мектептер және медициналық мекемелер маңындағы қауіпсіздігі жоғары аймақтардағы жылдамдық режимі.

«Біз қала әкімдігінің қозғалысты жүйелеуге бағытталған бастамасын толық қолдаймыз. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. JET қосымшадағы қала картасын жедел жаңартып, жылдамдық режимдерін автоматты түрде ауыстыру функциясын іске қосты. Пайдаланушы тиісті аймаққа кірген сәтте самокаттың жылдамдығы автоматты түрде 6 немесе 10 км/сағ дейін төмендейді. Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына бұл параметрлерді қолмен баптаудың немесе жолда жылдамдық көрсеткішіне алаңдаудың қажеті жоқ», – деді JET компаниясының негізін қалаушы Мейрамбек Әбілқасов.

Кикшеринг операторы 2026 жылғы 25 тамызға дейін тротуарларда электрсамокатпен жүруге тыйым салынбайтынын еске салады. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті 24 маусымда қол қойған «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Сонымен қатар, тротуармен қозғалған кезде жаяу жүргіншілердің басымдығы сақталатынын және пайдаланушылардың оны қатаң ұстануы қажет екенін ескертеді.

Компания алматылықтар мен қала қонақтарын жаңа жылдамдық шектеулеріне түсіністікпен қарауға, бағыттарын жаңартылған қозғалыс талаптарын ескере отырып жоспарлауға және жолдағы өзара құрмет пен қауіпсіздік мәдениетін сақтауға шақырады.