Air Astana, Boeing және Ыстамбұл техникалық университеті Қазақстанда тұрақты авиацияны дамыту үшін күш біріктіреді

Air Astana әуекомпаниясы Алматыда Boeing компаниясымен және Ыстамбұл техникалық университетімен (ITÜ) серіктестікте авиацияны тұрақты дамыту бойынша семинар ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің, Алматы халықаралық әуежайының және «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясының өкілдері қатысты.

Семинар барысында экологиялық тұрақты авиациялық отынды (SAF) өндіру технологиялары, оны енгізу жолдары, нормативтік талаптар мен стратегиялық даму жоспары қаралды. Араласпаған SAF авиацияда көміртегі шығарындыларын дәстүрлі авиакеросинмен салыстырғанда 80% -ға қысқартуға мүмкіндік береді, бұл оны саланы декарбонизациялаудың маңызды құралына айналдырады.

“Бірлескен жұмыс – авиацияның тұрақты дамуға көшуінің негізгі шарты. Air Astana ТМД мен Орталық Азиядағы ең экологиялық тұрақты әуекомпания болуға ұмтылады және 2050 жылға қарай шығарындыларды толығымен жоюға міндеттенеді. Мұндай семинарлар Қазақстанда SAF әзірлеуді қолдау бойынша қадамдарды талқылау және тәжірибе алмасу үшін сала қатысушыларын біріктіруге көмектеседі”, – дейді Air Astana тұрақты даму жөніндегі директоры Юлия Лим.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) деректері бойынша авиация саласы Қазақстан экономикасына 2,1 млрд АҚШ доллары (1,01 трлн теңге) мөлшерінде тікелей үлес қосады және 44 700 жұмыс орнын қолдайды. Жеткізу тізбектерін, жұмыскерлер мен туризм шығысын ескере отырып, саланың ЖІӨ-ге қосатын жиынтық үлесі 6,4 млрд долларға (3,08 трлн теңге) жетеді. Осыған байланысты орнықты және жауапты авиациялық экожүйені қалыптастыру, сондай-ақ білікті кадрларды даярлау – аймақтың болашақ экономикалық өсуінің маңызды факторлары.

Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі