ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЖАҚАН ҒҰМЫР

(Ақын Жақан Сыздықовтың 125 жыл мерейтойына орай)

Бабам – ақын, анам – ақын, далам – ақын.

Мен қалай ақын болмайын!

Жақан СЫЗДЫҚОВ

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы тарихына көз жүгіртсек, ел өміріндегі күрделі кезеңдерді өз көзімен көріп, халықпен бірге қуанып, бірге қайғырған қаламгерлердің үлкен шоғыры қалыптасқанын байқаймыз. Сол буынның  өкілдерінің бірі – ақын, аудармашы, журналист Жақан Сыздықов. Оның шығармашылық жолы қазақ халқының тарихындағы қоғамдық өзгерістермен, ашаршылықпен, саяси қуғын-сүргінмен және Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Осындай күрделі дәуірде өмір сүрген қаламгер әдебиеттен қол үзбей, өлең, поэма, көркем аударма және журналистика саласында мол мұра қалдырды.

2026 жылы Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ақынның шығармаларын қайта оқып қана қоймай, оның өмір жолына, азаматтық ұстанымына және қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне жаңаша назар аударуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Жақан бала күнінен халық ауыз әдебиетін тыңдап өсті. Ауыл ақсақалдарынан аңыздар мен ертегілерді, батырлар жырын, шешендік сөздерді естіп, ән мен айтысқа қызықты. Зерттеушілердің айтуынша, оның өлеңге деген қабілеті өте ерте байқалып, жеті жасқа жетпей-ақ ауыл арасында «ақын бала» атанған.

Кейін Сырбай Мәуленов Жақан Сыздықовтан ақындық жолға қалай келгенін сұрағанда, ол: «Бабам – ақын, анам – ақын, далам – ақын. Мен қалай ақын болмайын!» – деп жауап берген екен.

Баласының білімге деген талабын байқаған Сыздық кейін оны орысша оқытуға шешім қабылдайды. Әкесі баласының оқуына қаражат табу үшін өзінің жалғыз бәйге атын сатып, түскен ақшаға Жақанды Көкшетаудағы төрт кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Жақан сол білімнің арқасында қазақ және орыс тілдерімен қатар араб және татар тілдерін меңгерді. Шығыс әдебиетін, татар және орыс әдебиетін оқып, дүниетанымын кеңейтті.

Оның білімдарлығы әдеби ортада да бағаланған. Мұхтар Әуезов араб, парсы және татар тілдеріне байланысты кейбір мәселелерде Жақан Сыздықовпен пікірлесіп отырған.

Оның 1924 жылы шыққан «Бостандық туы» газетінде оның «Домбыра күйінде», «Сақанға», «Атбасар суреттері» атты өлеңдерімен оның есімі әдеби ортаға таныла бастайды.

Жақан Сыздықовтың шығармашылық мұрасында ерекше орын алатын туынды – Бостандық туы» газетінің редакторы Жиенғали Тілепбергеновтің  Ырғыз өңірінде болған ашаршылық туралы айтқан  оқиғаларын арқау етіп,  1927 жылы жазған «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы.

Ақын бұл поэмасында аштықты жай ғана тарихи оқиға ретінде емес, қарапайым адамдардың тағдыры арқылы суреттеді. Елдің босып кетуі, халықтың жоқшылыққа ұшырауы, аштықтың адам өміріне әкелген ауыр зардаптары шығармада көрініс тапты.

Кезінде ақынға шығармашылық бедел әкелген «Әлі қарттың әңгімесі» кейін оның тағдырына ауыр әсер еткен туындыға айналды.

1937 жылы жарық көрген «Жыл құсы» альманағына Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» және «Майкөл тамы» атты екі бірдей поэмасы енгізілген. Сол жинаққа енген көптеген ақыннан бір-бір поэма ғана алынғаны айтылады. Бұл сол кезеңде Жақанның поэма жанрындағы еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Алайда дәл осы 1937 жыл қазақ зиялылары үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Саяси қуғын-сүргін кезінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа көптеген қазақ қаламгерлері қудаланды. Олармен араласқан адамдардың өздері күдікке ілінді. Жақан Сыздықов та бұл қуғыннан тыс қалған жоқ. Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинді құрметтегені, олармен жақын араласқаны үшін оған «сәкеншіл», «бейімбетшіл» деген айыптар тағылды.

Жақан Сыздықов жалған айыппен қамауға алынып, алты ай түрме азабын бастан өткергені туралы дерек бар. Оның шығармаларының жариялануына да кедергілер жасалды.

Бірақ ақынның қудалануы мұнымен аяқталмайды. Оның «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасының тағдыры кейін тағы алдынан шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шығарма шетелде Кеңес өкіметіне қарсы насихат мақсатында пайдаланылған. Деректерде поэманың бірнеше тілге аударылып, көп данамен басылып, майдан даласына таратылғаны айтылады. Автордың еркінен тыс болған бұл жағдай кейін Жақан Сыздықовқа қарсы саяси айып ретінде пайдаланылды.

Осының салдарынан ақын партия қатарынан шығарылды. Жақан Сыздықовтың өміріндегі бұл қиындықтар 1950 жылдардың ортасына дейін жалғасты. Кейін жағдай өзгеріп, 1954 жылы оның партия мүшелігі қалпына келтірілді.

Соғыс жылдарында ақынның шығармашылық белсенділігі ерекше артты. Зерттеушілердің дерегінде осы кезеңде Жақан Сыздықовтың 300-ден астам өлең жазғаны айтылады. «Найзағай», «Жорыққа», «Жеңіске», «Семсер», «Найза», «Фашизм кескіні» сияқты шығармаларында жауынгерлердің ерлігін жырлап, жеңіске деген сенімді жеткізді.

Ақынның өлеңдері газет бетінде ғана қалып қойған жоқ. Олар майдан шебіне дейін жетті. Осыған байланысты ерекше бір дерек сақталған. Белград қаласын азат ету шайқастарының бірінде ауыр жараланған Құндызбай есімді қазақ мергенінің төс қалтасынан «Совет жауынгері» газетінің Жақан Сыздықов шығармашылығына арналған саны табылған.

Жақан Сыздықовтың қазақ әдебиетіне сіңірген үлкен еңбегінің тағы бір саласы – көркем аударма. Бірнеше тілді меңгерген ақын өзге халықтардың әдебиетін қазақ оқырманына таныстыруға көп еңбек сіңірді.

Ол Лев Толстойдың «Арылу» романын, Демьян Бедныйдың «Шойын арба» поэмасын қазақшаға аударды. Ғалымжан Ибрагимовтің «Қазақ қызы» романын, Мирхайдар Файзидің «Ғалиябану» драмасын тәржімалады. Сонымен қатар «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғлы» сияқты дастандарды және Мұса Жәлелдің шығармаларын қазақ оқырманына жеткізуге атсалысты.

Татар қаламгері Қауа Нәжмимен Жақан Сыздықов жақын дос болған. Қауа Нәжми оған жазған хаттарының бірінде Жақанды әзілмен «Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан» деп атаған екен. Бұл сөз олардың арасындағы достықты ғана емес, Жақанның татар әдебиеті ортасындағы беделін де аңғартады.

Қаламгердің шығармашылық тағдырының қайшылыққа толы болғанымен оның шығармалары майдандағы жауынгерлердің қолына дейін жетіп, өзге елде аудармашылық еңбегі марапатталып жатса да, бірақ өзінің туған елінде есімі мен еңбегі жеткілікті дәрежеде насихатталмай қалды.

Жақан Сыздықов 1977 жылы дүниеден өтті. Келесі жылы, 1978 жылы ақын Қалижан Бекқожиннің алғысөзімен оның таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Бүгінде Жақан Сыздықовты тек ақын немесе аудармашы деп қана сипаттау жеткіліксіз. Ол – өз дәуірінің куәгері, халық басынан өткерген тарихи оқиғаларды шығармаларына арқау еткен қаламгер, журналист және бірнеше әдебиеттің арасын жалғаған аудармашы ретінде ел есінде қалды.

Нұрасыл ЕРКІНБЕК

ҚР Ұлттық кітапханасы,

Көрмелер және мәдени бағдарламалар

Қызметінің маманы