Жетісу облысында тұтынушыларға 50 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

2026 жылдың 8 айында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтардан 834 өтініш келіп түсті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарға 50 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, электрондық саудаға, тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты. Азаматтар тауарларды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, сапасыз өнімді сату, ақшаны қайтару мерзімдерін бұзу, сондай-ақ қызметтердің көрсетілмеуі немесе тиісінше көрсетілмеуіне шағымданған.

Есепті кезеңде Департамент тарапынан 22 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның 19-ында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша 25 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 640,1 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 26 талап арыз әзірленіп, сотқа жолданды.

Департамент мамандары тұтынушыларға түбіртектерді, шарттарды және төлемді растайтын құжаттарды сақтауды, құқықтары бұзылған жағдайда талаптарын жазбаша түрде беруді, ал интернет арқылы сатып алу кезінде сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеруді ұсынады.