25 қыркүйек – Жалпыұлттық аза тұту күні

Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.
Президент Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты 25 қыркүйекті «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды», – делінген Жарлықта.
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 сарбаз суға кеткен.
«Қайғылы оқиға Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа-райының күрт нашарлауы және желдің күшейуіне байланысты болған», – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігі.
Үкіметтік комиссия таратқан ресми мәлімет бойынша:
Оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазіргі таңда тағы екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Осыдан соң Үкіметтік комиссия құрылып, алдын ала қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Ал Үкіметтік комиссияны Қанат Бозымбаев басқаратын болып, оның құрамына бейінді министрліктердің, Маңғыстау облысының, әскери прокуратураның және Шекара қызметінің өкілдері кірген.
22 қыркүйекте Каспийде 500-ден астам әскери қызметшінің қатысуымен «Хазар қорғаны-2026» жаттығулары өтіп жатқан.
Әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Әскери борышын өтеу кезінде азаматтардың қаза болуы – орны толмас ауыр қаза. Марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына осы ауыр сәтте сабыр мен күш-жігер тілейміз. Қаза болғандардың жандары жәннатта, топырақтары торқа болсын.


