Астанадан Салалаға (Оман) алғашқы рейс

Air Astana 24 қазанда Airbus A320 әуе кемесімен Астанадан Салалаға алғашқы тұрақты рейсін орындады. Ұшулар аптасына бір рет – сенбі күндері орындалады.
Алғашқы рейсті іске қосу рәсіміне ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Air Astana әуе компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалыков қатысты.
“Қазақстан мен Оман арасындағы тікелей әуе қатынасын іске қосу – біздің Таяу Шығыстағы бағыт желісін кеңейтудегі маңызды қадам. Оман – бай мәдениеті мен көркем табиғаты бар бірегей бағыт, ол қазақстандықтар арасында барған сайын танымал болып келеді. Біз жолаушыларға ыңғайлы Airbus A320 лайнерлерімен тікелей ұшуды ұсынуға қуаныштымыз және Алматы мен Астанадан жаңа рейстер туризмді дамытуға ғана емес, екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға да септігін тигізетініне сенімдіміз”, – деп атап өтті Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов.
Астанадан Салалаға рейс KC8269 08:47-де ұшып, Салалаға 14:14-те келеді. Салаладан КС8270 кері рейсі 16:00-де ұшып, Астанаға 23:25-те келеді. Барлық жерде жергілікті уақыт көрсетілген.
Алғашқы Астана-Салала рейсінің бортында 140 жолаушы болды.
Бір күн бұрын, 23 қазанда Алматы-Салала тікелей тұрақты рейсі орындалды, ол аптасына бір рет жұма күндері жүзеге асырылады. Рейс 10:17-де ұшып шығып, Салалаға 14:45-те келді. Бірінші рейстегі ұшақ толы болды.


