11 медаль және рапирашылардың тарихи күмісі: Қазақстан құрамасының U23 Азия чемпионатындағы нәтижесі

Бахрейнде семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлде түсті. Бұл жарыстың басты ерекшелігі – қазақстандық семсерлесушілер бірде-бір командалық сайыста жүлдесіз қалған жоқ. Сапы, қылыш және рапира бойынша өткен алты командалық бәсекенің барлығында отандастарымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Жалпы медаль есебінде Қазақстан Гонконгтан кейінгі екінші орынға ие болды.
Бұл нәтижені қазақстандық семсерлесушілердің биылғы табысты маусымының жалғасы деуге болады. Сондай-ақ ересектер құрамасының ізін басып келе жатқан жас спортшылардың халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуге әлеуеті зор екенін көрсетті.
Ерлер арасындағы сапы сайысында ересектер құрамасының жеңісті жолын жастар жалғастырды. Кирилл Проходов, Михаил Кузьмин, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов бастаған Қазақстан командасы 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы атанды. Отандастарымыз Қырғызстанды 45:35, Өзбекстанды 45:39 есебімен жеңіп, финалда Гонконг құрамасынан тартысты бәсекеде 45:44 есебімен басым түсті.
Команда көшбасшыларының бірі – 19 жастағы Кирилл Проходов. Жақында Касабланкада ересектер арасындағы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алған спортшы Бахрейнде де үздік атанды. Ол командалық жарыстағы жеңісіне қоса, жекелей сында да Азия чемпионы атағын иеленді. Финалда Кирилл Гонконг өкілі Вонг Пак Юды 15:12 есебімен жеңді.
Оның командаластары да жоғары дайындық деңгейін көрсетті. 23 жастағы Михаил Кузьмин, 20 жастағы Георгий Тинников және 19 жастағы Жанарбек Жанұзақов ересектер құрамасының сапынан орын алуға лайық екенін дәлелдеп, Қазақстанда сапы шеберлерінің мықты буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Чемпионаттағы тағы бір ірі жетістікке қылыштасудан Қазақстанның әйелдер құрамасы қол жеткізді. Диляра Исабекова, Полина Ко, Әдема Серікбай және Қайша Жәнібек командалық жарыста Азия чемпионы атанды. Жартылай финалда отандастарымыз Үндістан құрамасын 45:30 есебімен сенімді жеңсе, финалда Гонконгтан 45:36 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ қылыш сайысында қыздарымыз жекелей сында тағы екі жүлде жеңіп алды. 20 жастағы Қайша Жәнібек күміс медаль иеленсе, 21 жастағы Диляра Исабекова қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, әйелдер арасындағы қылыштасудан Қазақстан құрамасы чемпионат медальдарының толық жиынтығын жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы сапы сайысында да қазақстандық спортшылар үш медаль иеленді. Жекелей жарыста 19 жастағы Мария Лесовская күміс, ал 16 жастағы Полина Лесовская қола жүлдегер атанды. Жеребе бойынша апалы-сіңлілі Лесовскаялар жартылай финалда өзара кездесіп, Қазақстан қоржынына бірден екі медаль салды.
Командалық сайыста апалы-сіңлілі Лесовскаялар Каролина Фомина және Наталья Зиняковамен бірге тағы бір күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандықтар ширек финалда Үндістанды 45:37, жартылай финалда Өзбекстанды 45:20 есебімен жеңді. Ал шешуші кездесуде Гонконг құрамасына 29:45 есебімен жол берді.
Ерлер арасындағы рапира сайысында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ғалым Нұрымов, Тимофей Семёнов, Евгений Токанов және Мансұр Естеу 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Финалға дейінгі жолда отандастарымыз Қытайлық Тайбэй мен Қатар құрамаларын бірдей 45:43 есебімен жеңді. Ал алтын медаль үшін өткен кездесуде Гонконгқа 31:45 есебімен есе жіберді.
Қазақстан қоржынына тағы екі қола медальді рапирадан әйелдер және қылыштасудан ерлер құрамалары салды.
Әйелдер арасындағы рапира сайысында София Ақтаева, Ксения Андреева, Алёна Гноева және Алина Искандерова ширек финалда Үндістанды 45:28 есебімен жеңді. Алайда жартылай финалда Гонконг құрамасына небәрі екі ұпай айырмасымен, 43:45 есебімен жол берді.
Қылыштасудан ерлер құрамасының сапында Бексұлтан Әбжал, Қуаныш Ергешбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы өнер көрсетті. Қазақстандықтар Макаоны 45:24 есебімен жеңіп, финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Сауд Арабиясына 42:45 есебімен есе жіберді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов жас спортшыларды даярлау федерация жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Азия чемпионатында еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан шыққан спортшылардың жүлде жеңіп алғаны ерекше қуантады. Жүлдегерлер қатарында небәрі 16-19 жастағы жас спортшылар да бар. Бұл қазақстандық семсерлесудің болашағы зор екенін көрсетеді. Бүгінде біздің басты міндеттеріміздің бірі – жасөспірімдер мен жастар құрамасындағы талантты спортшылардың ересектер құрамасына біртіндеп әрі жүйелі түрде өтуіне жағдай жасау.
Кирилл Проходовтың жетістігі жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинаудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Сондықтан қазірдің өзінде болашағынан үміт күттіретін спортшылардың қажетті жарыс тәжірибесін жинақтап, негізгі ұлттық құраманың сапын күшейтуіне мүмкіндік жасауға күш салып жатырмыз. Біз үшін бір ғана жарысқа емес, алдағы жылдарға арналған мықты спорттық резерв қалыптастыру маңызды», – деді Мирболат Әбуов.
Бахрейнде өткен 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы алты командалық сайыстың барлығында жүлде алды. Командалық жарыстардағы екі алтын, екі күміс және екі қола медальға жекелей сында жеңіп алынған бес жүлде қосылды.


