«Цифр болмаса, бизнесті масштабтау мүмкін емес»: AI CRM CONF 2026-да кәсіпкерлер табысты үш есеге арттырған тәжірибесімен бөлісті

Атыраудағы 1000-нан астам көйлегі бар той салоны екі айда табысын үш есеге арттырды. Алматыдағы университеттің қабылдау комиссиясы екі адаммен үлкен сату бөлімінің жұмысын атқарып отыр. Ал Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін қалаушы кәсіпкерлерге жасанды интеллектті ең көп уақыт алатын үш тапсырмадан бастауға кеңес берді. Бұл тәжірибелер 15 қазанда Битрикс24 Қазақстан ұйымдастырған AI CRM CONF 2026: «Жаңа шындық» онлайн-конференциясында айтылды.
Конференцияда 14 спикер сөз сөйлеп, эфирді 4 мыңнан астам адам тамашалады. Басты тақырып – жасанды интеллектті күнделікті жұмысқа қалай енгізу керек, сонда ол жаңа рутина емес, нақты табыс әкелетін болады.
Еске сала кетейік, маусым айында NAZARMEDIA жазғандай, BISAM Central Asia зерттеуіне сәйкес Қазақстанда CRM қолданатын компаниялардың үлесі 20%-дан 43%-ға өскен, ал компаниялардың 75,6%-ы жасанды интеллект құралдарына қызығушылық танытқан. Яғни бизнес технологияға дайын, енді мәселе – оны дұрыс енгізуде.
Конференцияны «1С-Битрикс» компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Сармантай Касенов ашты.
«Бұрын трендті бір-екі жыл бақылап, содан кейін ғана енгізу-енгізбеуді шешуге болатын. Бүгінгі бизнесте бұған уақыт жоқ. Жасанды интеллект жекелеген процестерді емес, компания жұмысының логикасын өзгертіп жатыр: клиентті қалай табамыз, қалай сатамыз, командаларды қалай басқарамыз, шешімді қалай қабылдаймыз, осының бәріне әсер етуде», – деді Сармантай Касенов.

Атыраудағы той салоны: 1500 «ұмытылған» лидтен үш есе табысқа дейін
Конференциядағы ең қызықты кейстің бірін Атыраудағы «Ерке Сылқым» той салоны қазақ тілінде таныстырды. Салон 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді, мұнда 1000-ға жуық көйлек бар, ал осы уақыт ішінде 10 мыңға жуық қызды ұзатқан.
Салонның операциялық директоры Ляззат Султанованың айтуынша, клиенттер WhatsApp, Instagram, TikTok арқылы жазады немесе өздері келеді. Арна көп болғандықтан менеджерлер кейбір хабарламаларды көрмей қалып, жауапсыз қалдыратын. «Біз клиенттерімізді жоғалта бастадық, табысымыз бірнеше есе төмендеп кетті. Сол себепті жүйе орнатуға шешім қабылдадық», – дейді ол.
Салонға Битрикс24 жүйесін ресми серіктес BestComKZ компаниясының негізін қалаушы Ерлан Айчанов енгізді. Оның сөзінше, команда Атырауда 30-дан астам компанияға жүйе орнатқан. Салондағы жұмыс үш қадаммен жүргізілді:
- Бір терезе. Мессенджерлерден, әлеуметтік желілерден және қоңыраулардан келетін барлық өтінім бірден CRM-ге түседі.
- Воронка. Әр клиент – кезеңдері мен сөйлесу тарихы бар мәміле карточкасы.
- Роботтар. Өтінімдерді бөлу, тапсырма қою және еске салу автоматты түрде жүреді.
Нәтижесінде өтінімдердің 100%-ы CRM-де жауапты менеджерімен тіркеледі. Салондағы барлық көйлекке штрихкод қойылды. Енді жүйе көйлектің қай клиентке, қанша мерзімге берілгенін, төлем жасалған-жасалмағанын, химиялық тазалауда немесе тігінде жүргенін көрсетеді. Бұрын бір көйлекті қателесіп бірнеше клиентке брондау жағдайлары болса, қазір қалыңдыққа бірден басқа нұсқа ұсынылады.
Ең үлкен әсерді деректермен жұмыс берді. Екі ай бұрын салон басшылығы табыстың төмендегенін байқап, жүйеге кіріп қараса, бір воронкада 1500 лид өңделмей тұрып қалған. Интегратор аудит жүргізіп, менеджерлерді қайта оқытты, ал команда барлық лидті воронкалар арқылы толық өткізіп шықты. Соның ішінде 500-ге жуығы жаңа клиент болып шықты, ал салонның табысы екі айда үш есе артты.
«Біз, басшылық, өзіміз де қателік жібердік. Қадағалауға кейде уақыт болмай қалады, кейде көңіл-күйімізге қарап қаламыз. Бұл – қате. Басшы бизнесін күн сайын қадағалап отыруы керек», – деді Ляззат Султанова.
Тағы бір тетік – мотивация. Енді сатушылардың бонусы олардың жүйеде қалай жұмыс істейтініне байланысты. Султанованың айтуынша, екі аптаның ішінде менеджерлер бір-бірімен жарыса бастады, клиенттер саны да өсті.

«Бизнес цифр арқылы басқарылады»: интегратордың жеке сабағы
Ерлан Айчанов төрт компанияны басқарады, бизнестегі тәжірибесі 15 жылдан асады. Ол жүйені алғаш рет 2019 жылы өз кәсібіне енгізіп көргенімен, қызметкерлерін оның қажеттігіне сендіре алмағанын ашық айтты.
«2022 жылы менде үлкен дағдарыс болды, 100 мың доллар қарызға кірдім. Содан кейін оқи бастадым. Бизнес цифр арқылы басқарылатынын түсінгеннен кейін команданың бәрін жинадым да: бүгіннен бастап тек жүйе арқылы жұмыс істейміз, басқа жол жоқ дедім», – деді спикер.
Айчановтың айтуынша, осыдан кейін команда тәртіпке келіп, ол төрт компаниясының лидтерін шетелде жүрсе де телефоннан көріп отырады.
Жүйенің арқасында қаңтардан тамызға дейінгі клиенттер талдауы сатылымның 70%-ын бар болғаны 60 клиентке тиесілі екенін көрсетті, ал 200 клиент бар болғаны 20% сатылымды құраған. Команда клиенттерді A, B, C топтарына бөліп, негізгі назарды сол 60 клиентке аударды. Нәтижесінде бір айда айналым екі есеге өсті.
«Егер бизнесіңізде цифр болмаса, яғни айына қанша лид келіп, қанша клиент сатып алғанын білмесеңіз, бизнесті масштабқа шығару қиын, тіпті мүмкін емес», – деді Ерлан Айчанов.
Шағын бизнеске арналған AI: үш тапсырма және 30 күн
Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, «Атамекен» ҰКП жанындағы ШОБ дамыту комитетінің төрайымы Гүлбану Майғарина шағын бизнестің басты мәселесін атады. Кәсіпкер бір мезгілде басшы да, қаржыгер де, маркетолог та, HR да болуға мәжбүр, ал бұл мамандарды жалдау қымбатқа түседі. Оның сөзінше, жасанды интеллект осы жүктің едәуір бөлігін штатты көбейтпей атқара алады.
Спикер жасанды интеллект көмектесетін алты бағытты атады: нарық пен бәсекелестерді талдау, қаржы, операциялық жұмыс, маркетинг пен сату, персоналды оқыту, масштабтау стратегиясы. Бұрын жаңа қалаға шығар алдында нарық зерттеуіне үлкен ақша төлесе, қазір алғашқы деректерді бірнеше сағатта жинауға болады. Барлық бағдарламаны ауыстырудың да қажеті жоқ: бастапқы қадамды кәдімгі Excel кестелерінен-ақ жасауға болады.
Майғаринаның айтуынша, нарықтағы қатенің бағасы қымбаттады. Lanzhou 2018 жылы 100 мың доллармен басталса, бүгін мұндай табысқа 1 миллион доллармен де жету қиын.
«Маған кеңес сұрап келген кәсіпкерден алдымен цифрлар мен талдауды сұраймын, содан кейін ғана шешім туралы сөйлесеміз. Талдау болмаса, дұрыс шешім қабылдау мүмкін емес. Жасанды интеллект дәл осы деректерді жинап, талдауға көмектеседі», – деді Гүлбану Майғарина.
Ол жасанды интеллектке көшуді шағын қадамнан бастауды ұсынды: ең көп уақыт алатын үш тапсырманы тауып, оларды нақты деректермен тексеріп, 30 күннен кейін үнемделген уақыт пен ақшаны есептеу. Спикердің тұжырымы бойынша, жасанды интеллект кәсіпкерді алмастырмайды, бірақ жылдамырақ талдауға және негізді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Университет пен туроператор: күнделікті істерді жүйеге беріп, адамға уақыт босату
Алматы энергетика және байланыс университетінің қабылдау комиссиясы бұрын Excel, WhatsApp және қоңыраулар арқылы жұмыс істеген. Бір талапкерге жауап беріп жатқанда, екіншісінің хабары чаттың ең төменіне түсіп, мүлдем жоғалып кететін. Жарнаманың қайсысы студент әкелгенін де білу мүмкін емес еді.
Интегратор GETMAN.us компаниясының өкілі Антон Гетманның айтуынша, талапкердің жолы да – жарнамадан басталып, оқуға түсумен аяқталатын клиенттік жол. Қазір барлық арна бір жүйеге жиналған: өтінімдер жоғалмайды, қайта жүгінулер көбейді, жарнаманың тиімділігі алғашқы байланыстан бастап оқуға түскенге дейін көрінеді. Университеттегі Битрикс24 әкімшісі Дидар Омарханның сөзінше, енді екі қызметкер үлкен сату бөлімінің жұмысын атқарады. Бұл адамдар көп жұмыс істегендіктен емес, рутинаны жүйе алғандықтан мүмкін болды.
«Жаңа шындық – адамның орнына жасанды интеллект келуі емес. Жаңа шындық – қолында CRM, автоматтандыру және жасанды интеллект бар адам», – деді Дидар Омархан.
Бішкектегі Kettik.kg туроператоры жасанды интеллектке негізделген чат-ботты жарты жылдан астам уақыт бойы сынап, үш түрлі сервисті ауыстырды. Компанияның тең құрылтайшысы Чынгызхан Токтобаевтің айтуынша, бұрын менеджерлердің жұмыс уақытының шамамен 60%-ы өтінімдерді алғашқы анықтауға кететін: клиенттің аты, сапар күні, қай жаққа баратыны. Қазір бұл жұмысты бот тәулік бойы атқарады, клиентке шамамен 30 секундта жауап береді, ал менеджерлер төлем қабылдауға және сатуға уақыт бөледі. Спикерлер боттың да қателесетінін ескертті. Сондықтан оны баптауға, токендерге және дамытуға алдын ала бюджет қарастырып, жауапты адам белгілеуді ұсынды.
Алдымен процесс, содан кейін жасанды интеллект
Спикерлердің көбі технологияның өзі ештеңені түзетпейтінін айтты. IT Support Group басшысы Алексей Белимов жасанды интеллектті ретсіз процестерге енгізгендегі нәтижені «автоматтандырылған бейберекеттік» деп атады. Ол ұсынған рет:
- Процестерді сипаттап, әрқайсысын өзің өтіп шығу.
- Командамен рөлдерді, бақылау нүктелерін және күтілетін нәтижені келісу.
- Артық әрекеттерді алып тастау.
- Жеңілдетілген процестің жұмыс істейтінін тексеру.
- Содан кейін ғана CRM енгізіп, артынша жасанды интеллектті қосу.
«Біздің міндетіміз – саладағы ең мықтысы болу емес, кешегі өзімізден жақсы болу. Сондықтан назарды құралға емес, процестер мен тиімділікке аудару керек», – деді Алексей Белимов.
HR-сарапшы Сәуле Молдажанова McKinsey дерегін келтірді: қызметкерлердің 80%-ы жасанды интеллект өз өнімділігін арттырғанын айтады, бірақ пайдаға оң әсерін компаниялардың 37%-ы ғана көріп отыр. Оның сөзінше, айырмашылық технологияда емес, жұмысты қайта құруда: команда қай процестерді жасанды интеллектке беретінін және қайсысына өзі жауап беретінін алдын ала келісіп алуы керек.
Конференцияны қорытындылаған Сармантай Касенов та осы ойды қайталады.
«Жасанды интеллект – сиқырлы батырма емес. Ертеңгі ең маңызды қадам – нейрожелі енгізу емес, процестерді ретке келтіру. Сұрақты дұрыс қойыңыз: қай жерде машинаға беруге болатын іс бар? Клиент қай жерде жоғалады? Команда уақытты қай жерде босқа жұмсап жүр?», – деді ол.
Конференциядағы барлық баяндаманың жазбасы «Битрикс24 Қазақстан» YouTube-арнасында қолжетімді.


