Алмасадам Сәтқалиев «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандарды еліміздің атом жобаларына қатысуға шақырды

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інің құрылысында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен кездесті. Ол атом саласын дамыту жоспарлары туралы айтып, отандастарымызды жинақтаған білімдері мен тәжірибелерін Қазақстанда қолдануға шақырды.
Агенттік басшысы ірі халықаралық жобаны іске асыруға қатысу қазақстандық атом электр станцияларын салу кезінде сұранысқа ие болатын бірегей кәсіби құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Кез келген тәжірибе қажет болады. Құрылыс кезінде де, атом электр станцияларын пайдалану барысында да барлық мамандық бойынша жинақтаған тәжірибелеріңіз маңызды. Егер білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді Қазақстанда қолдануға ниет білдірсеңіздер, сіздерді қуана қарсы аламыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Агенттік төрағасы уран өндіруді, ғылымды және атом энергетикасы саласындағы құзыреттерді дамытуды қамтитын толыққанды атом кластерін қалыптастыру жұмыстары туралы айтып берді. Бұл бағыттағы басымдықтар Президенттің Жарлығымен бекітілген саланы дамыту стратегиясында айқындалған.
Сондай-ақ Алмасадам Сәтқалиев кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарлары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Балқаш көлінің маңында жүзеге асырылатын алғашқы екі жоба бойынша алдағы қадамдар жөнінде нақты түсінік қалыптасқан.
Кездесуде жұмысшы және инженерлік-техникалық кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан ресейлік және қытайлық серіктестердің тәжірибесін меңгеріп, сондай-ақ Венгрия және Корея Республикасымен ынтымақтастықты кеңейту арқылы оқыту мен білім алмасуға қосымша мүмкіндіктер жасауда.
Сөз соңында Агенттік басшысы отандастарымызға кәсіби табыс тілеп, атом энергетикасын дамытуға білікті мамандарды тартуға Қазақстанның мүдделі екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі


