ҚазҰУ – жаһандық білім кеңістігіндегі зияткерлік көшбасшылық орталығы

Білім мен ғылымның дамуы, халықаралық ынтымақтастықтың нығаюы және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау-заманауи жоғары оқу орындарының стратегиялық басымдықтары. Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде өзінің халықаралық беделін нығайтып, әлемдік академиялық кеңістіктегі орнын кеңейтіп келеді.
Университеттің даму стратегиясында сапалы білім беру, іргелі және қолданбалы зерттеулерді ілгерілету, инновациялық технологияларды енгізу және көптілді білім беру мәдениетін қалыптастыру ерекше орын алады. ҚазҰУ-еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға үлес қосып келе жатқан іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің қалыптасқан академиялық дәстүрі, заманауи материалдық-техникалық базасы, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы мен халықаралық байланыстары білім алушыларға сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік береді.Бүгінде университеттің халықаралық деңгейдегі танымалдығы мен бәсекеге қабілеттілігі де артып келеді. QS World University Rankings 2026 жаһандық рейтингінде ҚазҰУ 177-орынға ие болды. Бұл-білім беру сапасын жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың көрсеткіші.
Университеттің әлемдік рейтингтердегі орны оның халықаралық білім кеңістігіндегі ықпалдастығын тереңдете түсуіне жол ашады. Қазіргі жаһандану жағдайында жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі-бірнеше тілді меңгерген, мәдениетаралық коммуникацияға бейім және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Тіл білу бүгінгі таңда тек қосымша артықшылық емес, кәсіби дамудың, ғылыми ізденістің және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құралына айналды.Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ-дың білім беру жүйесінде шетел тілдерін оқытуға ерекше мән беріледі. Университетте тілдік даярлық студенттердің академиялық әлеуетін арттырумен қатар, олардың әлемдік ғылыми ақпаратқа қол жеткізуіне, шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуына және халықаралық жобаларға қатысуына мүмкіндік береді.Бұл бағытта Филология факультетінің Шетел тілдері кафедрасы маңызды қызмет атқарады. Кафедраның негізгі мақсаты-білім алушылардың шетел тілдеріндегі коммуникативтік құзыретін қалыптастыру, олардың академиялық және кәсіби қарым-қатынас дағдыларын дамыту, сондай-ақ мәдениетаралық түсіністік пен толеранттылық құндылықтарын орнықтыру. Шетел тілдерін оқыту үдерісі тек тілдік білім берумен шектелмейді. Ол студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, өзге мәдениеттерді түсінуіне, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына және халықаралық ортада еркін пікір алмасуына жол ашады. Әсіресе, ағылшын тілінің ғылым мен технология, халықаралық дипломатия, экономика және мәдениет салаларындағы рөлінің артуы тілдік даярлықтың маңызын одан әрі күшейтіп отыр. Кафедраның оқу-әдістемелік жұмысы білім алушылардың жеке қабілеттерін дамытуға, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдалануға бағытталған. Тіл үйретуде коммуникативтік тәсілдермен қатар, цифрлық платформалар мен интерактивті ресурстарды қолдану студенттердің сабаққа қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алу дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Қазіргі университеттің бәсекеге қабілеттілігі тек білім беру сапасымен ғана емес, ғылыми зерттеулерінің нәтижелілігімен де өлшенеді. Осыған байланысты ҚазҰУ ғылыми әлеуетті арттыруға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық береді.Ғылыми коммуникацияның халықаралық деңгейге шығуында шетел тілдерін меңгерудің маңызы зор. Ғалымдар мен жас зерттеушілер үшін шетелдік ғылыми жарияланымдарды оқу, халықаралық дерекқорлармен жұмыс істеу, ғылыми мақалалар әзірлеу және конференцияларда баяндама жасау – кәсіби дамудың ажырамас бөлігі.Шетел тілдері кафедрасының қызметі де осы үдерістің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тілдік дайындықтан өткен білім алушылар ғылыми ақпаратты халықаралық деңгейде іздеп, талдап, өз зерттеу нәтижелерін шетелдік аудиторияға ұсына алады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламалары, шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу және халықаралық білім беру жобалары студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін тілдік құзыреттілік негізгі алғышарттардың бірі саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басты миссиясы- елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосатын, заманауи білім мен ғылымды меңгерген, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және әлемдік өзгерістерге бейім мамандар даярлау. Филология факультетінің Шетел тілдері кафедрасы да осы ортақ мақсатқа қызмет етіп, көптілді білім беру мәдениетін қалыптастыруға, халықаралық коммуникация дағдыларын дамытуға және студенттердің академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қосып келеді. ҚазҰУ-дың жетістігі – оның қалыптасқан ғылыми дәстүрі мен жаңашылдыққа ұмтылысын үйлестіре білуінде. Университет үшін халықаралық бедел тек рейтингтердегі көрсеткіштермен ғана емес, білім алушылардың жетістігімен, ғылыми ізденістердің нәтижесімен және қоғам дамуына қосқан үлесімен өлшенеді. Бүгінгі ҚазҰУ-білім мен ғылымды, ұлттық құндылықтар мен жаһандық көзқарасты, дәстүр мен инновацияны тоғыстырған заманауи академиялық орта. Ал шетел тілдерін меңгерген, әлемдік білім кеңістігінде еркін бағдарлай алатын жас мамандарды даярлау – осы ортаның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторлардың бірі.
Тлеулинова Мейрамкүл Бейсенбайқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі, Phd.




