Өндірістегі әнші жігіт

Ешқандай музыкалық мектепті бітірмей-ақ, әдемі дауыс иесі атанып жүрген Әділет Бисембінің гитарада ән салып жүргеніне он жылдай уақыт болыпты. Тума таланттың негізгі мамандығы – электр монтері. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек ететін жігіт өндірістегілерді өнерімен тәнті етіп жүр.
Әділет – әкесіне қарап өскен ұл. Әкесі Есен домбыра шертіп, энергия цехында дәнекерлеуші болса, баласы гитараға әуестенген. Электр энергия саласын таңдап, комбинаттың электр цехына жұмысқа тұрған. Бұл да бір әдемі көрініс.
Әңгімесін өндіріске келген сәтінен бастаған жігіттің көзінен жалын атып, кәсібін де, сүйікті ісін де тең ұстайтынын байқадық. Дөң тау-кен байыту комбинатына бір жарым жыл бұрын келсе де, басшылыққа жауапкершілігімен ұнап, бүгінде оған техникалық инспектор қызметін сеніп тапсырған. Ток трансформаторларының құрылысы мен қосу схемасын жаңғақша шағатын ол алдымен Ақтөбеден «электрмен жабдықтау», кейін Татарстандағы Набережные Челны қаласынан «электр энергетикасы» мамандығын бітіріп келген.
Әділет үшін токпен жұмыс істеу мүлдем қиын емес. Қайта оған бос уақытында сызбаларды жинау, құрастыру әлі күнге дейін қызық.


– Оқуда тек теориялық білім жинадық. Оны жасырудың қажеті болмас. Алайда комбинатқа келіп, сол оқығандарымды іске асырдым. Бастапқыда электр беру желілері учаскесінде жүрдім. Ал маған қосалқы станцияларға барып, трансформаторларды ашып көру қызық болды, — дейді ол. – Уақыт өте, өзім қалаған учаскеге ауысып, қазір барлық станцияларға тексеріс жүргізіп, апатты жұмыстар болса, жөндеймін. Комбинаттағы электр қуатының көлемі 0,4-тен -110 мың Вольтқа дейінгі аралықта. Жұмыста қауіпсіздік қағидаларын берік ұстану бәрінен маңызды.
Өндіріс жолындағы әңгімесінен әншілік тақырыбына ауысқан қызметкер екі саланың өмірінде байланысқаны бекер еместігін айтады. Бала күнінен көше әндерін шырқап жүрген жігіт еңбек жолын бастағалы бері бұл ісін қайта қолға алыпты. Оқушы кезінде абайсызда аяғын сындырып алып, үйде ютубті серік еткен Әділет бір аптаның ішінде гитарада ән салуды үйреніп алған. Гитарамен ән салуға махаббатын ашқан Амирхан Масаев есімді Шешенстан мен Ресейге танымал эстрада әншісі болыпты. Алғашқыда үйдегі ескі гитарамен аккордтарды үйреніп, даусын келтірген. Кейін өзінің жинаған ақшасына алғашқы классикалық гитарасын сатып алған. Баласының шығармашылыққа шын қызыққанын түсінген ата-ана оған туған күнінде акустикалық гитара сыйға тартыпты. Әділетті тума талант деуге негіз бар. Анасының айтуынша, кішкентай кезінде Исраил Сапарбайдың «Махаббат деген» әнін ересек адамдардарша нақышына келтіріп салады екен.
Гитараның сымында ойнаған ол ток сымдарын жалғауда да бар ынтасымен орындайды. Қазір цехішілік, цехаралық түрлі байқаулардан қалмайды.
Соңғы уақытта Әділеттің өзі де ән шығарып, арасында сөз де жазатынын білдік. Биыл Дөң тау-кен байыту комбинатының 85 жылдық мерейтойына арнаған әнін тыңдауға өзіміз де асықпыз.
– Хромтауда туып-өссем де, комбинаттың тарихын білмейді екенмін. Осында жұмысқа тұрғаннан кейін барып, кенді өлкенің тарихын оқып, кеудемді мақтаныш кернеді әрі ұялдым. Артынша шабыт та келді. Биыл қыста демалыс күндердің бірінде таңдайыма бір әуен түсе берді. Синтезатор да сатып алған едім. Қысқасы, әні мен сөзі үйлескен жаңа туындымды шығарып қойдым. Алдағы металлургтер күніне сол әнімді арнасам деймін, — деп әңгімесімен бөлісті.
– Біздің цехта Әділет секілді жастың бары қуантады. Жас болса да, аға буынның қасынан қалмай, үнемі білмекке ұмтылады, бір байқағаным. Әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайды. Өндірісте мұндай мамандар ауадай қажет. Оны биік белестерден көргім келеді, -дейді электр цехының басшысы Ғани Ерманов. – Оның әдемі даусы – Әділеттің қайталанбайтын даралығы.
Өнерге жақын адам одан ешқашан алыстамайды. Ал өндіріс Әділетті өнермен қайта байланыстырды.

Арайлым Ғани