Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде неке қиылды

Қызылордада қарақшылық және адам өлтіру бабы бойынша 20 жылға сотталған азамат түрмеде некесін қиды.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде жазасын өтеп жатқан ол болашақ жұбайымен байланысын үзбей, міне енді отбасын құрды.

«Үйленіп некемді қиып жатырмын. Заңды куәлікті табыстады. Некелесіп отырған жарымды бостандықтан бері танимын. Сосын осы жаққа келіп, сөйлесіп, екеуміз некемізді қиып, үйленуге бел будық», — дейді жасасын өтеуші азамат.

Мекеме бастығының айтуынша, қазір мұнда 800-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде жұмыс істеп, отбасына қаржылай қолдау көрсетіп отырғандар да бар. Ал өткен жылдың өзінде 31 азамат некесін заңдастырған. Мұндай бастама сотталушыларға оң әсер етеді екен.

«Сотталған азаматтарымыз отбасылы болғаннан кейін, өмірге бала келгеннен кейін өмірге деген көзқарасы өзгереді. Әрі қарай бостандыққа ертерек шықсам, осы жерде тәртіп бұзбай бостандыққа мезгілінен шартты түрде босау сияқты әрекеттерге барады», — дейді мекеме бастығы Мақсұт Өтетлеуов.

Адина ҰЗАҚБАЙ
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД