Changan Uni-V көлігіне шолу

Жақында Nazarmedia.kz редакциясын Changan Auto Kazakhstan ұжымы Changan Uni-V көлігінің Шымкент қаласындағы тұсау кесер шарасы мен Шымкент-Түркістан бағытындағы тест драйвқа қатысуға шақырды.

Редакция атынан бұл шараға Ғазиза Ұзақ қатысып, өз ойын оқырмандардың назарына ұсынады.

Компанияның ресми сайты мен инстаграм парақшасында «Changan UNI-V — бір көргеннен есте қалатын көлік» деп жазылған. Расымен солай екен. Енді барлығын рет ретімен баяндап берейін.

1 шілде күні Шымкент қаласындағы Changan ресми орталығында жаңа көліктің таныстырылымы өтті. Жиналған қауым алғашқылардың бірі болып жаңа Changan Uni-V көлігін өз көзімен көріп, ең бірінші сатып алушыға кілтпен бірге компания атынан сыйлық берілді.

Ертесі күні Алматы мен Шымкент қаласының БАҚ өкілдері мен блогерлері жаңа көлікті тізгіндеп, Түркістан қаласына қарай жолға шықты. Ұзақ жол алдында жаңа көлік туралы ақпарат беріліп, техникалық қауіпсіздік ережелері айтылды.

Біз басқарған көлік экипажында тек нәзік жандылар бас қосып, бес көліктің ішінде екінші болып жүріп отырдық.

Жаңа көлікті тізгіндеп, алғашқы 100 шақырымды артқа тастаған жүргізуші ретінде мен әуелі көліктің жылдамдығы мен ыңғайлылығына аса мән бердім. Көлік жеңіл жүреді, жүргізуші орындығы бойың мен өз ыңғайыңа қарай лезде ретке келтіріледі, көлікті жайлы басқарасың. Көлік рулі өте ерекше, пішіні әдеттегі дөңгелек емес, қиықша келген. Сол үшін басында ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін, алайда өз басым оған тез үйреніп кеттім.

Көлік жүргізгенде ұшақ тізгіндеп жатқандай сезімде боласыз. Оған себеп көлік ішіндегі дизайн. Көз алдыңдағы цифрлік панель, оң жақтағы жүргізу режимі, аяқ астындағы тежеуіштер, жан жақтағы айналар, мультимедия мұның барлығы көздің жауын алады. Ең қызығы, бұл көлік сенімен сөйлесуге дайын. Яғни оны дауысың арқылы басқара аласың.

Сондай-ақ, көліктің жүк салғыш бөлігі бір қарағанда шағын болып көрінгенімен өте ықшамды.

Көлік іші де тар болып көрінуі мүмкін, бірақ өте ыңғайлы. Тест драйв кезінде көлік жүргізу кезегім аяқталғаннан кейін мен әуелі алдыңғы орында отырдым, кейін артқы жақтағы орынға ауыстым.

Екінші қатардағы орындар кеңдігі жақсы, Бес орындық көлікпен саяхаттаған кезде төбедегі панорамалық шатыр арқылы аспанның керемет көрінісін бақылауға болатынын естен шығармаңыз. Тек күн ыстық болған кезде емес. Біз жол жүргенде Шымкент пен Түркістанда температура көрсеткіші 40 С градустан төмен болған жоқ. Аптап ыстықтан бізді көлік ішіндегі кондиционер құтқарды. Сондықтан мен Uni-V көлігінің сөзсіз артықшылықтарының қатарына климаттық бақылау, рециркуляция және мультимедиялық функцияларын қосар едім.

Сондай-ақ, 18 дюймдік дөңгелектер, тұрақтандыру жүйесі және ABS, алты қауіпсіздік жастығы, мультимедиялық жүйе, жан-жақты камера, соқтығысудан сақтану және апатты алдын алу жүйесі, кілтсіз кіру, автоматты қол тежегіші, ұялы телефонды сымсыз қуаттау мүмкіндігі бар. Мұның барлығы көлік жүргізу кезінде өзіңе де, жолаушыларға да жайлылық сыйлайды.

Бір сөзбен айтқанда Uni-V жеңіл, сәнді әрі ыңғайлы. Редакция оны өз оқырмандарына алуға кеңес береді.

Жаңа көліктің Қазақстандағы бағасы 12 990 000 теңгеден басталады. Алдын ала кеңес алу арқылы өзіңізге ыңғайлы көлікті таңдап алыңыз.