Елімізде Абай есімімен аталатын 1441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, 4 колледж және 1 театр бар
ҚР МСМ Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, жергілікті әкімдіктердің ақпаратына сәйкес өңірлерде Абай есімімен аталатын 1441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, 4 колледж және 1 театр бар.
Былтыр Президент Жарлығымен Абай облысы құрылып, әкімшілік орталығы болып Семей қаласы белгіленді. Одан бөлек Қазақстанда 1 қала, 3 аудан және 28 елді мекенге ұлы ақынның есімі берілген.
«Қазақстанда Абай Құнанбайұлына 30-дан астам ескерткіш орнатылған. Сондай-ақ әлемнің 18 мемлекетінде ұлы тұлғаға арналған монументалды өнер кешені бар. Атап айтқанда, Ташкент, Мәскеу, Бішкек қалаларында Абайдың ескерткіші болса, Ренн, Бейжің, Каир, Будапешт, Тегеран, Стамбул, Нью-Дели, Женева, Париж, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков және Баку қалаларында бюсті қойылған»,— деді Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.