Тәуелсіздік құрдастары Қазақстанның гүлдене беруін тілейді
Тәуелсіздік құрдастары егеменді Қазақстанның айнасы іспетті. 1991 жылы еліміз азаттық алған шақта дүниеге келген отандастарымыз бүгінде түрлі салаларда еңбек етуде. Мәселен, танымал балерина Айгерім Бекетаева «Астана Операның» примасы атанса, тәуелсіздіктің тағы бір құрдасы Арман Уразов елордалық театрдың жетекші солисі болып еңбек етеді. Сондай-ақ театрдың аға хормейстері Дәурен Мусин мен оркестр әртісі Ахат Ташкенбаев та зор шығармашылық жетістіктерге жетті. Бүгінгі бейбіт өміріміз егемендіктің жемісі деп түсінетін «Астана Опера» әртістері барлық қазақстандықтарды осынау ұлық мерекемен құттықтады.
Айгерім Бекетаева, «Астана Операның» жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Қазақстан мәдениетінің дамуына өз үлесімді қосу мүмкіндігіне ие болу мен үшін үлкен қуаныш. Жауапкершілік өте зор, өйткені әлемдік аренада біз әртіс ретінде өзімізді ғана емес, сонымен қатар өз Отанымызды да таныстырамыз! Мен болашаққа сеніммен қараймын және өзімнің Қазақстанның бөлшегі екенімді мақтанышпен сезінемін. Қазіргі таңда жастардың дамуына, өздерін жетілдіруіне және тұлға ретінде көрсетуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған деп ойлаймын.
Мәдениет – тәуелсіз мемлекетіміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Қазіргі уақытта классикалық театрларда әлемдік опера және балет жауһарлары ұсынылуда, сондай-ақ сахнада ұлттық спектакльдер де зор табыспен көрсетіліп келеді. Бұл еліміздің мәдени дамуы жоғары деңгейде екенін білдіреді. Әлбетте, гастроль кезінде бізді тағатсыздана күтіп, ілтипатпен қарсы алғанда қатты қуанып қаламыз. Бұл шетелдік көрермендердің біздің әртістеріміздің бойынан шығыстың менталитетіне тән кеңпейілділік пен дарынды байқағандығынан деп ойлаймын. Біз өзімізді мемлекеттің қолдауының арқасында таныта алатынымызды тағы да қайталап айтқым келеді. Өнеріміз бен шығармашылығымыз арқылы біз өзімізді мәдениеті жоғары әрі дамыған мемлекет ретінде паш етеміз.
Еліміздің өсіп-өркендей бергенін қалаймын. Мен өз Отаныма деген махаббатымды патриотизмім, жетістіктерім мен жеңістерім, өзімнің биіммен көрермендерді қуантуға деген құлшынысым арқылы білдіремін. Қазақстандықтарға ең алдымен денсаулық, ашық аспан, жаңа шыңдарды бағындыру жолында сарқылмайтын күш-жігер тілегім келеді. Бір-біріңізге махаббатпен және қамқорлықпен қарауға шақырамын!
Арман Уразов, «Астана Операның» жетекші балет солисі:
– Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 32 жыл толады. Егемендіктің келуімен еліміздің шекарасы, мемлекеттік тілі және ұлттық валютасы бекітілді. Біздің ата-бабаларымыз көптеген ғасырлар бойы осы күнге жетуді армандаған. Ал бүгінгі күні дүние жүзі бізді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Ендігі біздің мақсатымыз – ол экономиканы дамытып, елге қызмет ету, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың еркін өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Өзім балет әртісі болғаннан кейін шетелге гастрольмен жиі шығамын, сол кезде Қазақстан азаматы болғаным үшін, қазақ балет өнерін таныстырып жүргенім үшін кеудемді зор мақтаныш сезімі кернейді. Әлбетте, менің тұлға болып қалыптасуымда ата-анам және ұстаздарым көп еңбек сіңірді. Кішкентай кезімде мені балетке берген анама алғысым шексіз. Хореографиялық училищеге оқуға үш мың баланың ішінен мені таңдап алғанда ата-анамның қатты қуанғаны әлі есімде. Осы бекзат өнердің арқасында көптеген елдерді көрдім, балет сүйер қауымның ықыласына бөлендім. Өмірлік серігімді де театрда жолықтырдым, ол да мен секілді балет әртісі. Бізге қарап, төрт жасар қызымыз да балетке барғысы келетінін айтады, әлбетте, оның бұл шешімін қуана қолдаймыз.
Менің басты өмірлік ұстанымым – адамгершілік қасиеттерден айнымау. Отбасында ұл мен қыз тәрбиелеп отырған әке болғандықтан, балаларыма үлгі болуға тырысудамын. Оларға әрдайым шыншыл болу қажеттігін, ешқашан өтірік айтпау керектігін ескертіп отырамын. Менің ойымша, отбасы – шағын мемлекет, барлық Қазақстанның айнасы, демек біздің жанұямыздағы ынтымақ пен ауызбіршілік еліміздің тұтастығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жұбайым екеуміз балалардың тәрбиесіне қатты мән береміз және олардың егеменді елде өсіп келе жатқанына қуанамыз. Қазақстанымыз көркейе берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Дәурен Мусин, «Астана Опера» театрының аға хормейстері:
– Кішкентай кезімде ата-анам маған: «Сен еліміз егемендік алған жылы дүниеге келдің, сондықтан сен тәуелсіздіктің құрдасысың», — деп айтып отыратын. Менің тәрбиеме анам көп үлесін қосты, сондай-ақ мектепке барғанға дейін ата-әжемнің бауырында болғандықтан бұл кісілердің де маған еңбегі сіңді. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген қазақстандық отбасылар секілді біздің отбасында да әлеуметтік тұрғыда бірқатар қиыншылықтар болды. Әкем мамандығы сәйкес келмесе де, отбасын асырау үшін зауытта жұмыс істеді.
Негізі, ата-анам университет қабырғасында оқып жүргенде оркестрдің құрамында домбырашы ретінде өнер көрсеткен. Ал менің хорға қалай келгенім жайлы айтатын болсам, оқушы кезімнен ән салатынмын, мектептің хорына баратынмын. Сөйтіп, музыкаға деген икемімді байқаған ата-анам мені төртінші сыныпта Ақмоладағы музыкалық академияға оқуға берді. Хор дирижерлеу мамандығы бойынша жоғары білім алғаннан кейін Мәскеуде, Санкт-Петерборда тәжірибеден өттім, ал Австрияда алғашқы өнер көрсетулерім болды. 2013 жылы еңбек жолымды елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда хормейстер болып бастап, 2014 жылы ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың шақыруымен «Астана Операға» жұмысқа келдім. Содан бері міне, он жыл бойы Орталық Азиядағы ең үлкен әрі сәулетті театрда аға хормейстер болып қызметімді жалғастырудамын.
Биыл Польша астанасында қазақстандық композиторлардың туындыларынан құрылған ауқымды концерт бердік. Оны поляктардың ықыласпен қабылдағаны сонша, келесі күні бағдарламаны қайтадан ұсынуға тура келді. Осындай жетістіктерден шабыт ала отырып, келесі жылдың көктемінде тағы бір жеке концерт беруді жоспарлап отырмын. Негізі, көп жайт салыстырған кезде белгілі болады ғой. Гастрольмен көп елдерді аралай жүріп, еліміз мәдениет пен өнер салаларында үлкен жетістіктерге жетті деп айта аламын. Ұстаздарым театрда арнайы жағдайлар жасалмаса, «сахна сыртындағы хорға» дирижерлік ету қиын болатынын айтып отыратын. Бұл арада біздің орындайтын шығармамыз мынадай, яғни хор әртістері шымылдықтың ар жағында тұрып, залда отырған көпшілікке алыста адамдар ән салып тұрғандай әсер қалдыруы тиіс. Қуанышымызға орай, біз заманға сай технологиялармен қамтылған театрда жұмыс істейміз, сахна сыртындағы үлкен кеңістік керемет дыбыс эффектілерін жасауға мүмкіндік береді. «Астана Опера» секілді театрды барлық дерлік мемлекеттер тұрғыза алған жоқ, бұл еліміздің мәдениет пен өнерге зор көңіл бөлетінінің айғағы.
Адам жақсылыққа ұмтылса, қолынан бәрі келетініне, ал егер қырсығып отыра берсе, ешқандай өсу болмайтынына сенімдімін. Барымызды бағалай білейік! Қазақ өнері дами берсін!
Ахат Ташкенбаев, «Астана Опера» оркестрінің әртісі:
– Тәуелсіздік жылдары халқымыздың ұмыт болып қалған қаншама салт-дәстүрі жаңғырды, тіліміз өркендеп, мәдениетіміз бен экономикамыз дамып келеді. Алдағы уақытта да осы жолымыздан таймауымыз керек деп есептеймін. Ол үшін әрбір азамат өзінің істеп жүрген жұмысын адал атқарып, халыққа тек пайдасын тигізуі тиіс. Кейінгі жастар зор тәжірибесі бар мамандардан үлгі алып, солардан үйренгені дұрыс. Өз басым, әрбір істе үлкендермен кеңесіп отырамын, менің болашақ мамандығымды дұрыс таңдауыма солар көп септігін тигізді.
Туысқандарымның арасында музыканттар көп. Кішкентайымнан барабанның үні құлағыма сіңіп қалғандықтан болар, мен де осы аспапқа бауыр бастым. Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжін тамамдағаннан кейін арман қуып Астанаға келдім. 2011 жылдан 2015 жылға дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде білім ала жүріп, бірқатар ұжымдарда музыкант болып жұмыс істедім, ал 2018 жылдан бастап «Астана Опера» оркестрінде еңбек етіп келемін. Осындай үлкен ұжымның мүшесі болу – мен үшін асқан абырой. Біз өз өнерімізді әлемнің көптеген елдерінде таныстырып, түрлі дирижерлермен жұмыс істейміз. Барлық жерде көрермендер бізді таңданыспен қабылдап, шеберлігіміз бен кәсібилігіміздің жоғары деңгейіне тәнті болады.
Менің туған жерімнен жырақта өмір сүрген кезім болған емес, ал егер гастрольмен кете қалсам, еліме, жақындарымның қасына оралуға асығамын. Көк байрағы желбіреген, абыройлы да айбынды елімді жақсы көремін және Тәуелсіздік күнінде барлығына береке-бірлік тілеймін!