Umai-2023 ұлттық сыйлығының финалистері анықталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында, яғни 15 желтоқсанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған өнер саласындағы Umai-2023 ұлттық сыйлығы финалистерінің есімдері белгілі болды.
Сыйлықты өткізу алаңына айналған «Астана Опера» театрында ұйымдастыру комитетіне үміткерлерден 322 өтінім түскенін, оның ішінде 114 адам финалға өткенін хабарлады.
Umai сыйлығының ұйымдастыру комитеті атап өткендей, биыл еліміздің барлық өңірінен өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдары белсенді қатысқан. Мәселен, Маңғыстау облысы «Үздік қолөнер шебері» санатында жұмыстарды көптеп ұсынса, солтүстік өңірлерден «Үздік кескіндеме шебері», «Үздік графика шебері» санаттарында жұмыстар көп түскен. Оңтүстік өңірлер мен Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларынан қатысушылар өтінімдерді барлық санатта бірдей тапсырған.
Финалистердің есімдері «Астана Опера» театрының ресми сайтындағы Umai-2023 бөлімінде әлдеқашан жарияланды. Келесі кезең жеңімпаздарды таңдау болмақ, оны тәуелсіз сараптау комиссиясының мүшелері жасайды. 22 желтоқсанға жоспарланған Umai сыйлығын табыстау рәсімі «Астана Опера» театрының сахнасында өтеді. Көптеген театрлық тосынсыйлар енген ауқымды бағдарлама көрермендерді таңғалдырады деп күтілуде.
Жеңімпаздарды басты сыйлық болып табылатын Umai мүсіншесі тәрізді керемет марапат күтеді. Еске сала кетейік, мүсінше қоладан құйылып, жартылай асыл тастармен бедерленген. Бұдан бөлек, Umai-2023 сыйлығының бақытты иегерлері үшін ақшалай сертификаттар әзірленді. Жалпы жүлде қоры 79 миллион теңгені құрайды.
Осы жылы «Үздік балалар спектаклі» (екі сыйлық) арнайы жүлделермен атап өтіледі, сондай-ақ тәуелсіз сараптау комиссиясының мүшелері финалистердің арасынан «Жыл жаңалығын» (сахналық өнер саласында) (екі сыйлық) таңдайды.
Umai сыйлығы дарынды шығармашыл тұлғаларды қолдауда және ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Ол еліміздегі өнердің дамуын жеделдетуші болып табылады. Сондай-ақ сыйлық жаңа жасампаз буынды ынталандырып, ұлттық қауымдастықтың мәдени капиталын нығайтады.
Осы екі жыл ішінде Umai сыйлығы әртістер, қолөнершілер, суретшілер мен басқа да шығармашыл жандарды жақындастыру платформасына айналды, сондай-ақ ол идеяларды бөлісу және еліміздің жемісті мәдени қауымдастығын құру үшін қызмет етеді.