«Қазмарганец» кен басқармасы «Тур» кенішінен кен өндіруді тоқтатты
Марганец кені қорының сарқылуы себепті ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның «Қазмарганец» кен басқармасы өндірісті тоқтатты. Табиғат ресурстарын ұқыпты пайдалану саясатын мұқият сақтай отырып, кәсіпорын осыған дейін өндірілген кенді жаңа заманауи технологияларды пайдалана отырып, өңдеу жұмыстарын жалғастырады. Кен өндіру ісінен босаған жұмысшылардың басым бөлігі ERG-дің өзге де құрылымдарына қызмет ауыстырады.
«Қазмарганец» кен басқармасының тарихы 1997 жылдан бастау алады. Сол тұста «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның тағы бір филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты Қарағанды облысының Нұра ауданындағы марганец кенорнын игере бастаған. Алдымен «Тур» кенішіне инфрақұрылым тартылып, вахталық кент салынды. Тау-кен өндіру техникасы мен автокөліктер сатып алынып, ферроқорытпа өндірісіне қажетті марганец концентратын алу технологиясы жолға қойылған. 2004 жылы кен басқармасы «Қазхром» ТҰК» АҚ сапындағы жеке құрылымға айналды. Кен ашық әдіспен өндірілді. 26 жылда кен басқармасы 76 млн м³ тау-кен массасын өңдеп, одан 13,7 миллион тонна марганец кенін өндірген.
Өндірісті тоқтатқанға дейін кен басқармасында 413 қызметкер еңбек етіп келді. Соның жүзден астамы босайды. Қазір оларды ERG құрамындағы өзге де кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру ісі жүріп жатыр.
– Кеніш қызметін бір сәтте тоқтата салған жоқ. Біз бұл кезеңге жүйелі, жоспарлы дайындықпен келдік,- деді «Қазхром»-ның Бас директоры Сергей Прокопьев. – Алдымен ұзақ жылдар бойы қанаттаса қызмет етіп келген адамдарды жұмысқа орналастыруды ойладық. Біріншіден, бос жұмыс орындарын оңтайландырдық. Қазір қызметтен босағандарды Топ ішіндегі өзге кәсіпорындарға жұмысқа орналастырып жатырмыз. Осыған дейін вахталық тәсілмен жұмыс істеп келген қызметкерлердің басым бөлігі «Шұбаркөл көмір» және «Жайрем марганеці» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаттарын қарастырып отыр.
Кен басқармасы осыған дейін өндірілген кенді өңдеп, елеуден шыққан ұсақ бөлшектерді байыту ісіне екпін түсіреді.
– Жердің потенциалын ұқыпты пайдалану миссиясын басшылыққа ала отырып, ERG қалдықтарды өңдеу ісіне ерекше көңіл бөледі,- деді Сергей Прокопьев. – Біз табиғат ресурстарын бейберекет пайдалана алмаймыз. Шикізатты ұқыпты байытуға сеп болатын инновациялық технологиялар мен жаңа инжинирингтік шешімдер бар. Біз соларды барынша тиімді пайдаланып келеміз. Жер ландшафының бүлінген тұстарын барынша ұқыпты қалпына келтіруге тырысамыз.
«Тур» кенішіндегі тау-кен қызметінің салдарын жою үшін тиісті заңнамалардың талаптарын сақтай отырып, кен өндіру ісі жүргізілген жер телімдеріне рекультивация жасау жобасы әзірленген. Ол жалпы аумағы 516 гектарды қамтиды. Рекультивация 2024 жылы басталып, жер қыртысына құнарлы қабат себіліп, шөп егіледі.