Тәуелсіздік жылдары елімізде қандай жарыстар өткізілді?!
Тәуелсіздігіміздің 32 жылында елімізде бірнеше ірі-ірі дүбірлі дода ұйымдастырылды. Әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды айтпағанның өзінде қазақ топырағында спорттың әр түрінен Азия және әлем чемпионаттары, қысқы Азиада, қысқы Универсиада сияқты ел мерейін тасытатын іс-шаралар өткізілді.
Қазақстан егемен ел ретінде алғаш әлемдік дүбірлі доданы 2002 жылы қабылдады. Сол жылы еліміздің бас қаласында бокстан Әлем кубогі бәсекесінің жалауы желбіреді.
2011 жылы елімізде алғаш рет VII қысқы Азия ойындары өткізілді. Сары құрлық додасында Қазақстан спортшылары командалық есепте бірінші орынға ие болды. Алматы мен Астанада ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға қол жеткізіп, бұрын-соңды болмаған рекорд тіркеді.
2013 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт жəне мəдениет сарайында бокстан ересектер арасындағы əлем чемпионаты өтті. Екі аптаға созылған Алатау бөктеріндегі дүбірлі додада Біржан Жақып, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов жəне Жəнібек Əлімханұлының асығы алшысынан түсіп, əлемдік сында атой салғаны күні бүгінгідей көз алымызда. Чемпионат қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады.
2014 жылы Алатау баурайында өткен ауыр атлетикадан жаһандық додада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қоламен жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды. Әлемдік жарыста Зүлфия Чиншанло, сол уақытқа дейін үш дүркін əлем чемпионы болып, төрткүл дүниеге өзін əлдеқашан мойындатып үлгерген Сыр өңірінің сырбазы Илья Ильин және Жасұлан Қыдырбаев топ жарды.
Алматыдағы үш бірдей дүниежүзілік додадан кейінгі əлем чемпионаты 2015 жылы ресми астанаға ойысты. Тəуелсіздік тарихындағы төртінші əлем чемпионатының жалауы да дəл осы елордамызда желбіреді. Елордада шымылдығы түрілген дзюдодан жаһандық татами бәсекесінде жерлестеріміздің арасынан Елдос Сметов (60 кг) əлем чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізді. Ал финалда Елдостан жеңіліп, күміс медаль алған Рустам Ыбраев ел тарихында күміспен күптелген екінші спортшы атанды.
2016 жылы Дүниежүзінің ең мықты деген бұрымды боксшыларының басын қосқан Астанадағы дүбірлі додада қыздарымыз 2013 жылғы ерлер арасындағы додада жерлестеріміз қол жеткізген толайым табысты қайталады. Яғни 10 салмақ дəрежесі бойынша сынға түскен Қазақстан құрамасының 4 боксшысы жаһанның теңдессіз спортшысы деген атаққа ие болса, екі спортшымыз ел қоржынына қола жүлде салды. Атап айтар болсақ, Назым Қызайбай (48 кг), Дина Жоламан, (54 кг), Валентина Хальзова (69 кг) жəне Лəззат Күнгейбаева (+81 кг) алтыннан алқа тағынып, қазақтың тек жігіттері ғана емес, күрзі жұдырықты қыздары да мықты екенін баршаға паш етті.
2017 жылы елімізде 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада сайысы өтті. Он күндік студенттік ойындар Қазақстан үшін ең жоғары нәтижемен аяқталды. Жерлестеріміз 36 медаль – 11 алтын, 8 күміс, 17 қола олжалап, командалық есепте Ресейден кейінгі екінші орынға табан тіреді.
2019 жылы елорда төрінде ұйымдастырылған күрес түрлерінен жаһан біріншілігіне төрткүл дүниенің ең мықты деген 1002 балуаны келді. Бас қаладағы əлемнің басты жарысы – Токио Олимпиадасына жолдама беретін алғашқы лицензиялық турнир болған соң, көпшіліктің назары елордаға ауды. Ел намысын ту еткен 30 балуанымыздың ішінде үш өреніміз финалға шығып, төрт балуанымыз қола медаль иеленді.