Ақтөбелік спортшылар жылды қорытындылады
2023 жылы Ақтөбе облысының спортшылары 93 ресми республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, 65 алтын, 59 күміс, 112 қола медальді иеленді. Облыстың 8 спортшысы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының лицензиясын алудан үмітті.
Сондай-ақ, биыл 14 спорт нысаны пайдалануға берілді. Келер жылы ауыспалы спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, 15 жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Өңірде бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды даярлау және қолдау, салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу сияқты шаралар одан әрі жалғасады.
Ақтөбедегі теннис орталығында 2023 жылы спорт саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. «Жаңа белес» салтанатты шарасына аймақ басшысы Асхат Шахаров, спорт майталмандары мен ардагерлері, жас спортшылар қатысты.
«Олимпиадалық және бұқаралық спортты дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Мемлекет спорт нысандарын салуға, спортты дамытуға барынша жағдай жасауда. Ақтөбе облысының ғана емес, Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген спортшыларымыздың жетістіктері – оған дәлел. Келер жылы төрткүл дүние көз тігетін Париж Олимпиадасы өтеді. Бұл – кез-келген спортшы үшін еңбектің жемісі көрінетін жарыс. Ақтөбе облысы да осы ойындардан олжа салуы керек. Ол үшін әуелі Олимпиада жолдамаларын иеленіп, оған тыңғылықты дайындалу қажет деп есептеймін. Барлық жағдай бар, облыстық спорт басқармасына нақты тапсырмалар берілді. Жалпы, бүгінде спорт саласында қаржы жағынан мәселе жоқ», — деп атап өтті облыс әкімі.
Жыл қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға бірнеше аталымда номинация табысталды. Сондай-ақ, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілері спорт ардагерлеріне тағылды.
Шара мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.