Қазхромдықтар Жаңа жыл қарсаңында 90 баланың тілегін орындады

Жыл сайын Қазхром кәсіпорындарында «Тілектер шыршасы» акциясы өткізіледі. Онда қызметкерлер мен басшылық құрам халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларынан келген хаттарды ашып, бүлдіршіндердің қалауларын орындайды. Биылғы тілектер шыршасында гитара мен жұмсақ ойыншықтардан бастап, заманауи айпадтар мен спорттық амуницияларға дейін жазылған ерекше хаттар бар.

Аяз атаға жазған хаттарына сай балаларға ойыншық ақ аю, рельс үстіндегі паравоз, сөйлейтін қуыршақ, гироскутер, ұялы телефондар, жылы киімдер, велосипед, тіпті нақты бір киім дүкеніне сертификаттар сыйға тартылды. Кейбір хаттар арасында жүректі елжіретер тілектер де жазылған. Бір ақтөбелік балақай апасына қуыршақ сұраса, хромтаулық бүлдіршін үйіндегі ең кіші бауырына қысқы арба сұрапты, анасы далаға серуендеуге шыққанда оңай болсын деген ниетте. Кішкентай жүрегімен анасы мен бауырының жағдайын ойлаған қыздың хатына таңғалғандар болды. Кәсіпорын аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мереке қарсаңында жаңа жылдық тосынсый жасап, олардың қалауларын барынша дәл орындауға тырысты.

– Әлеуметтік жауапты компания ретінде Қазхром балаларға көп көңіл бөледі. Алайда,  «Тілектер шыршасы» — бұл жай ғана жаңа жылдық іс-шара емес, — деп түсіндірді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев. – Әрбір сыйлық шын жүрекпен, ыстық ықыласпен таңдалады. Басшылардың көбі сыйлықтар жанына тәттілер немесе сырт киіммен киюге қолғаптар қосып жатады. Біз, ересектер, бұл акцияға қуана-қуана қатысамыз. Демек өзіміз де ғажайыпқа сенетін болып тұрмыз ғой. Барлық балаларға жаңа жылда қуаныш пен табыс тілеймін!

Ал Хромтауда балалардың жасы ересектеу болды. Жастарына сай олардың талғамдары да өзгеше. Спорттық киімдер, коньки, гитара және түрлі гаджеттер сұраған. Мысалы, волейболшыға қажетті керек-жарақтың барлығын сатып алуға тура келді. Себебі мұндай маңызды ойын барысында киімнен бөлек, ұсақ-түйектің түгелі болғаны дұрыс. Ең жақсы деген өндірушінің жылы киімдері мен жанына тәтті шоколадтар қоса берілді. Хаттар арасында жәй ғана тәттілер толы қорап пен коньки сұрағандар да бар.

Ақсу қаласында зауыт және бөлімше басшылары 25 бүлдіршін үшін  Аяз ата рөліне енді. Балалардың таңдаған ең ерекше сыйлықтары мыналар: сабақ оқуға арналған үстел,  мольберт, шаңғы және қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыра. Бір ғажабы, хат  иелері биыл музыкалық аспаптарды көбірек сұраған. Тіпті гитара қалағандары да бар.

Ақсу қаласында сыйлықтармен қоса, балалардың сүйікті кейіпкерлерінің қатысуымен жаңа жылдық мерекелік бағдарлама мен дәмді түскі ас әзірленді. Ақтөбе мен Хромтауда сыйлықтар ауданның шалғай ауылдарына да жеткізілді.