Семейлік оқушылар Индонезияда өткен робототехника чемпионатында жеңіске жетті

Индонезияның Депок қаласында FIRST Tech Challenge робототехника бойынша ашық ойындар өтті. Жарысқа 5 мемлекеттен 30 команда қатысты. Қазақстан, Америка, Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінен қатысқан жас робототехника жасаушылары бірнеше күн бойы өз жұмыстарын ұсынып, бәсекеге түсті. Нәтижесінде Абай облысының «Shanyraq» құрама командасы робот-тасымалдаушы құрастырып, жүлделі 3-орынға ие болды.

Жоғары нәтижеге қол жеткізген “SHANYRAQ” команда құрамында бес оқушы бар. Өзге ел құрама командаларында 15 балаға дейін жиналған жасақ болды. Команда бірлігінің арқасында жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Жеңімпаздар жарыста бастапқы үлгіде «Robot game» ойынын құрастырды.

«Жарыс өте қарқынды өтті. Бұл чемпионатта көп мүмкіндікке қол жеткіздік. Қазақстаннан барған басқа командалар арасында бір-біріне қолдау көрсетілді. Біз роботты бастапқы үлгіде қайта құрап, жарысқа ұсындық. Еңбегіміз ақталып, үлкен жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз»,- дейді команда капитаны Олжас.

Еске салайық, 2023 жылғы желтоқсан айында Абай облысының командасы Almaty Tech Cup республикалық турнирі аясында Индонезияға чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Дарынды оқушылармен кездесу барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев олардың қолдауына ризашылығын білдіріп, алдағы турнирде табыс тіледі. Сондай-ақ, оқушыларға Абай облысының әкімдігі мен Абай облысының білім басқармасы тарапынан қажетті қолдау көрсетілді.

“SHANYRAQ” командасының жетекшісі — информатика пәні мұғалімі Тұрсынбеков Айдос Асқатұлы және команда мүшелері Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының 11-сынып оқушылары Олжас Самархан, Диляра Нұрмұхамбетова, Ерасыл Қанағатов, 9-сынып оқушысы Темірлан Абылхан, 8-сынып оқушысы Радмир Жеңісбек.