Мергендер Олимпиаданың тағы 2 жолдамасына қол жеткізді
Александра Ле мен Никита Чирюкин Джакартада өтіп жатқан нысана көздеуден Азия чемпионатында Париж Олимпиадасының лицензиясына ие болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуде Ұлттық құрама 2-орын алды. Командалық сында Александра Ле, Елизавета Безрукова мен Арина Алтухова бақ сынады. Қазақстандық мергендер арасында ең көп ұпай жинаған (589 ұпай) Александра финалда 7-орынға тұрақтап, Ұлттық құрамаға Париж ойындарының жолдамасын сыйлады.
Ал жылдам оқ ататын тапаншамен 25 метрден нысана көздеуде Никита іріктеуде 584 ұпай жинап, финалға 1-орынмен шықты. Ол біраздан кейін ақтын сында жүлдеге таласады. Соған қарамастан қазірдің өзінде Олимпиада лицензиясы оның уысында.
Қазір Ұлттық құрама еншісінде 5 жолдама болды. Оларды Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле мен Никита Чирюкин жеңіп алды.
Индонезия астанасындағы Азия чемпионаты 18 қаңтарда аяқталады.
Алдыңғы Токиода өткен Олимпиадада нысана көздеуден ел намысын тек Юрий Юрков қана қорғаған.