NU және Ғылым академиясы ынтымақтастықты нығайтуға шешті
«Назарбаев Университеті мен Ұлттық ғылым академиясы елдің ғылыми әлеуетін арттыру үшін ынтымақтастықты нығайтуы керек», — деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, доктор Күнсұлу Закарья NU-ға сапары барысында. 18 қаңтарда болған сапардың мақсаты – еліміздегі және Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-зерттеу университетінің қызметімен, зертханаларымен, жас қазақстандық ғалымдардың жобаларымен танысу, сондай-ақ тау-кен ісі саласында ынтымақтастық орнату болды.
Сапар барысында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) президенті доктор Закарья бастаған делегация NU басшылығымен кездесіп, университет қалашығының бас жоспарымен, университеттің жұмысымен, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің және National Laboratory Astana жоғары функционалдық зертханалардың жұмысымен танысты. Делегацияға сондай-ақ NU-дың Энергетикалық ғарыш зертханасының ресурстары мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемелері көрсетілді.
«Академия атынан Назарбаев Университетіне Қазақстанның ғылымы мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тау-кен өнеркәсібі саласын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында біз еліміздің экономикасына үлес қосу үшін NU және оның Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебімен ынтымақтастықты жақсартуды мақсат етіп отырмыз. Мен сіздердің әртүрлі салалардағы жетістіктеріңізді ерекше атап өткім келеді. Біздің біріктіруге болатын әлеуетіміз жеткілікті», — деді кездесу барысында доктор К.Закарья.
Айта кетерлігі, биыл Қазақстанда белгілі қазақ геологы, еліміздің Ғылым академиясының негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде, бұл да осы саладағы ғылыми әзірлемелерді кеңінен насихаттауға серпін бермек. Доктор Закарья NU оқытушылар құрамы мен басшылығын мерейтойлық мерекелерге белсенді қатысуға шақырды.
Осыған байланысты делегация NU Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебіне барып жұқа тегістеу, седиментология және мұнай геологиясы мен минералогия және петрография атты 3 озық зертханасын көрді. Мұнда NU ғалымдары тау жыныстары мен минералдарды зерттеу үшін жоғары сапалы жұқа және жылтыратылған кесінділер шығарып, шөгінді жыныстардың қалыптасуы мен сипаттамаларына әсер ететін шөгінділердің түрлеріне талдау жасайды.
4 жыл бұрын NU-да құрылған ISSAI зерттеушілері жасанды интеллект саласындағы соңғы жобаларын көрсетті. Бұған дейін қазақ тіліндегі дауыстардың ең үлкен дерекқорын жинау және талдаудың арқасында ISSAI ғалымдары мемлекеттік тіл үшін бірінші автоматты түрде сөйлеуді танудың (ASR) моделін әзірледі, содан кейін қазақ мәтінін сөйлеуге түрлендірудің алғашқы корпусын жасады (KazakhTTS). Ғылым академиясының президенті түркі тілдері үшін көптілді сөйлеуді тану жүйесінің жұмысын, 4 тілге екі жақты машиналық аударманы және АИ саласындағы басқа да жобаларды ерекше бағалады.
«NU ғылыми зерттеулердің жоғары стандарттарына және қазақстандық ғылымды ілгерілетуге үлкен көңіл бөледі. Бұл жас университетке небәрі 13 жыл дамуының ішінде Times Higher Education рейтингінде ғылымды көп қажет ететін әлемдік университеттердің 30%-на кіруге мүмкіндік берді. Біз ғылымды ілгерілету және тәжірибе алмасу мақсатында Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдары мен профессорларымен ынтымақтастықты қолдаймыз. NU жас докторанттарды отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеуге, соның ішінде шетелге ғылыми дәрежесін алу үшін кеткендерге тарту үшін жағдай жасау үшін көп жұмыс жасауда,», — деді NU Президент м.а. доктор Илесанми Адесида.
Сапар соңында NU-дың National laboratory Astana зертханасының жас ғалымдары делегацияға литий-иондық аккумуляторларды және су батареяларын қоса алғанда, жоғары өнімді энергия сақтау құрылғыларына арналған озық материалдар саласындағы жобалары туралы айтып берді. NU басшылығы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының делегациясына көңіл бөліп, келгендері үшін алғыстарын білдірді. Олар NU әлемдік ғылыми-білім беру қауымдастығымен сапалы интеграцияны және білім беру жүйесін дамыту және ғылыми әлеуетті арттыруда қазақстандық университеттермен тығыз синергияны жалғастыратынына сендірді.