Ақтөбе облысының әкімі азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров азаматтарды жыл басталғалы екінші рет қабылдап отыр. Тұрғындардың мәселелері «Аmanat» партиясының облыстық филиалында тыңдалды.
Өңір басшысы қоғамдық қабылдау кезінде қандай өтініштер қаралғанын айтып өткен. Әрбір өтінішті мұқият қарап, ақтөбеліктерді толғандырған сауалдарға жауап бергенін де тілге тиек етті.
«Сұрақтар – әртүрлі сипатта болды. Азаматтар баспана, жер учаскесін бөлу, шетелде ем алуға қаржылай көмек көрсету, жұмыстан заңсыз босатылу сияқты жеке бастың шаруасымен қатар, елге ортақ айтулы мәселелерді көтерді. Атап айтсам, жасыл желектерді баптау, бау-бақша ұжымдарына көгілдір отын тарту және сумен қамтамасыз ету, өңірде бокс спортын дамыту, Сәрке батырдың атына Астана қаласынан көше беру жайын қозғадық. «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық білдіріп, мал басын көбейткісі келетін азаматқа толық ақпарат айтылды», — деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі әрбір азаматқа шешімдердің қолданыстағы заңнама аясында қабылданатынын, жүзеге асатынын түсіндірген. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктепті.