IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы: 4-күннің шолуы
Канвон қаласында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының 4-жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биатлоннан ұлдар арасындағы спринтте Франция, ал қыздар сынында Италия спортшысы топ жарды. Назарыңызға Қазақстан құрамасы спортшыларының нәтижесін ұсынамыз.
Ұлдар (7,5 км, барлығы 98 адам)
Антон Редкин 17-орын (1+0) — 23:16.2
Кирилл Зотов 48-орын (2+1) — 24:33.7
Ильяс Хасенов 77-орын (4+3) — 26:38.9
Мұнда Антонин Гай 20:57.7 секундта мәреге жетіп, алтыннан алқа тақты. Тов Роесланд (Норвегия) күміс, Флавио Гай (Франция) қола жүлдеге ие болды.
Қыздар (6 шақырым, 98 қатысушы):
Алема Карабаева 57-орын (4+1) — 25:04.9
Эвелина Мезенцева 62-орын (4+3) — 25:23.8
Мария Воробьева — мәреге жете алмады
Бұл сайыста Апенин түбегінен келген Карлотта Гаутеро жеңіске жетті. Одан кейін Ела Север (Словения) мен Полина Пуцко (Украина) тұғыр сатысына көтерілді.
Ертең биатлоннан соңғы жүлде жиынтығы аралас эстафета сайысында үлестіріледі.
Тау шаңғысынан гигант слалом жаттығуында отандасымыз Александра Скороходова финалда бақ сынап, 5-сатыға тұрақтады. Бүгін 79 атлет қатысты.
Италия өкілі Джорджия Колом (48.42 секунд) чемпион атанса, Шайнне Зехндер (Швейцария) күміске, Астрид Хедин (Швеция) қолаға қол созды.
Конькимен 1500 метрге жүгіруде Қазақстан құрамасы сапынан жақсы нәтижеге Кристина Шумекова (7-орын) қол жеткізді. Оның уақыты — 2:06,47. Ал Алина Шумекова 11-сатыда.
Бүгін Нидерланд спортшысы Ангел Далеман қарсылас шақ келтірмей, 2-алтынын мойнына тақты. Күміс Юнги Луи (Қытай), қола Польша атлеті Анна Мазурдың еншісінде кетті.
Ұлдар арасында Руслан Жанәділов 8-орыннан көрінсе, Михаил Матрюхин 17-орында қалды. Мұнда Финн Соннекалб топ жарса, Қытай спортшысы Баошин Пан күміске, Сота Кубо (Жапония) қолаға қанағат білдірді. Спорттың бұл түрінен келесі жарыс 25 қаңтарда өтеді.
Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама бүгін Испанияны (14-4), сосын Ұлыбританияны (22-13) ойсырата ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Енді 24 қаңтарда Қазақстан мен Латвия жартылай финалда күш сынасады.
Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 13-сатыда келе жатыр. Көш басында тұрған Италияның 7 алтыны бар.
IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көре аласыздар.
Суреттер авторы – Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.