Бангкокты бағындырған металлург
Ақтөбеліктер өзінің сорттық жетістіктерімен әрдайым алда. Ел намысын қорғап, мерейімізді тасытып жүрген жерлестеріміздің бірі Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етеді. 28 жасар металлург Қайрат Жаржанов Тайланд елінің астанасында өткен әлем чемпионатында әнұрамызды әуелетіп, аралас жекпе-жек тарихына енді.
Жақында Қайрат Бангкок қаласында өткен додада әлем чемипоны атанып, елге жеңіспен оралды. Қытай, Америка, Австралия, Индия, Тайланд, Қырғызстан, Бразилия, Куба сынды әлемнің 47 мемлекетінен 390 спортшы жиналған чемпионатта ол төрт қарсыласына жалпы есеппен алғанда 9 минут жұмсаған. 52 келі салмақта сынға түскен әріптесіміз үш раундта австриялықты, жергілікті тай азаматын, индусты және финалда индонезияның спортшысын ұтып, жеңіске жетеді. Бір қызығы, Қайрат бірінші раундта қолының үш жері сынып, жарақат алса да, ұрысты жалғастырған. Сондай-ақ, ол финалға Gamma ММА және streaking MMA екі әдісімен шығып, қазақстандық ММА спортында жаңалық ашты.
Қайрат Жаржановтың спортқа деген қызығушылығын балаң кезде әкесі оятқан еді. Қайратты әкесі жеті жасында зауыттың «Металлург» спорт кешеніне күрес үйірмесіне берген. Міне содан бері әлі күнге дейін оның спортта бағы жанып келе жатыр. Күрестен кейін самбо, дзюдодан республикалық чемпионаттардан олжамен оралып, жасөспірімдер арасында спорт шеберіне кандидаты атанды. Қайрат спорттың бұл түріне 2015-ке дейін қатысып, кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскерден оралған соң, ол Ақтөбе қаласындағы әмбебап қоян қолтық ұрыстан шәкірт дайындап жүрген белді спортшылардың бірі – Қайрат Ищанов есімді жаттықтырушының мектебіне барып, осы спорттағы шеберлігін шыңдауға кіріседі. Осылайша металлург Қайраттың ең алғашқы шаршы алаңға шығуы – 2016 жылы облыста өткен қоян-қолтық ұрыстан ашық кубок. Бұл доданың «кудо» деп аталатын әмбебап түрінен чеммпион атанған жас жігіт алдына биік мақсаттар қоя бастайды. Сол сәттен бастап соңғы он жылдықта Қайрат Қазақстан құрамасында, халықаралық ареналардың барлығынан тек бірінші орынды ғана иеленіп келеді.
– Ақтөбедегі «Қазақ гуманитарлық-заң университетінің» колледжін бітірсе де, өзінің нақты таңдауымен «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытына жұмысқа тұрған Қайрат Жаржанов бүгінде өндіріс компаниясының да мақтанышына айналды.
– Мен қозғалысты, қара жұмысты ұнатамын. Содан да болар зауытқа жұмысқа тұруды мақсат еттім. Осы кәсіпорынға ықыласым ауды да тұрды, — деп баяндады әңгімесін спортшы. Сөйтіп, осыдан төрт жыл бұрын төртінші балқыту цехының дайын өнімдер учаскесіне жұмысқа тұрдым. Ол кезде цех басшысы – Мұсабек Макашев. Маған қолдау білдірген, бірде-бір жарыстардан қалдырмай, тілектес болған азаматтардың бірі – осы кісі. Мұндағы кәсібім – темірді ұсату. Ұжымым да ауызбіршілігі мол жігіттерден құралған. Мені олардың қолдауы, сенімі қанаттандырады. Адамда шын ниет болса, бәрі ретімен жүріп отырады екен.
Спорт пен өндірісті қатар алып жүрген әлем чемипоны дайындықты күн сайын шыңдайды. Мысалы, күндізгі ауысымнан кешкі сегізде шығып, бірден дайындық залына тартады. Ал түнгі ауысым кезінде таңғы уақытта дайындалып, ауысымға дейін ұйқысын реттеп, демалатынын айтты. Жүйелі дайындық – жеңіске жетудің алғышарты екенін осылайша түсіндірді.
– Бұл – менің әлем чемпионатына алғаш рет шығуым. Тайландтағы дода мен үшін шешуші шайқаспен тең болды. Өйткені осыған дейінгі жетістіктерімнен кейін әлемді мойындатсам деген мақсат қойғанмын алдыма. Сол мақсатыма әуелі Алланың, кейін бапкерлерім мен қолдаушыларымның арқасында жеттім. Шаршы алаңға шыққанда бір ғана ой – ел сенімін ақтау тұрады. Қарсыластарымды жеңіп, әнұран шырқалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — деді Қайрат. – Осы чемпионатқа барарда маған қолдау білдірген ақтөбелік азамат, полиция капитаны – Аман Кульмухановқа айтар алғысым шексіз. Ал менің өмірдегі басты мақсатым – пайдалы адам болу, бізден кейінгі келе жатқан іні-бауырларға үлгі боларлық іс жасау.
Өткен жылдың соңында облыстың «Үздік спортшысы» атанып, облыс әкімінің марапатына ие болған зауыттық Қайрат Жаржанов елімізде бұқаралық спорт түрін дамытуды көздейді.