Грант тағайындау конкурсына жолдама алу үшін талапкерлер екі мәрте ҰБТ тапсырады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2024 жылғы барлық талапкерге негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға және үздік нәтижемен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл норма заңнамалық түрде өткен жылы бекітілді.
«2024 жылғы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Үш рет, атап өткенде, қаңтар, наурыз және тамыз ҰБТ жоғары оқу орындарына ақылы түрде түсу үшін өткізіледі. Ал екі рет қатысу мүмкіндігі бар негізгі ҰБТ сертификаттарының бірін грант конкурсына қатысу үшін ұсынылады», — деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетсек, тестілеуге тіркелу барысында талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды.
Ал енді ҰБТ қатысушыларының санаттарына тоқталып өтсек. Ағымдағы жылғы мектеп түлектері мен жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер ҰБТ-ның барлық бес кезеңіне қатысуға құқылы. Ал өткен жылдардың түлектері, колледж түлектері мен қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар) наурыз, негізгі және тамыз айларын қоса алғанда, төрт тестілеуге қатыса алады. Сондай-ақ, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға немесе басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер санаты бар. Олар ҰБТ-ны екі рет, қаңтар және тамыз айларында тапсырады.