Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге ҰБТ-да арнайы жағдай қарастырылады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар түсушілердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін әртүрлі шараларды қабылдауды жалғастырып жатыр.
«Өткен жылдардағыдай, 2024 жылғы ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Қабылданған шаралардың арқасында тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ — ға 90 бала қатысса, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500 адамға жетті», — деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Айта кетейік, қажет болған жағдайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар түсушілерге ҰБТ-да пән мұғалімі емес көмекшілер ұсынылады.