Астанада 5G оқу орталығы ашылды

Freedom Telecom операторы Қазақстандағы алғашқы 5G оқу орталығын ашты. Орталықтың негізінде желіні құруда тәжірибесі жоқ адамдарды оқытып, тәжірибеден өткізу арқылы 2024 жылы 700-ден астам жұмыс орнымен қамту жоспарланды.

Freedom Telecom жаңа байланыс операторы оптикалық желіні және 5G желісін құруда тәжірибесі жоқ адамдарға бірегей оқу-танымдық бағдарламаларды ұсынатын Қазақстандағы алғашқы 5G оқу орталығын ашқанын мәлімдеді. Оқу орталығының территориясында барлық қажетті құралдар бар, кабельді өткізуге, негізгі станцияларды орнатуға, баптауға, құрылғыны бағанаға бекітуге қажетті шарттар жасалған.

Бұл жоба Қазақстан бойынша жаңа жұмыс орындарының пайда болуына өз септігін тигізеді. Компания шамамен бір жылдың ішінде 700-ден астам жұмыс орнын ашпақ. Әрі телекоммуникация саласында кәсіби мансабын дамытуды көздейтін жандарды оқыту арқылы жұмысқа орналастырмақ.

Білім алушылар құрылғыларды және жабдықтарды қолданып тәжірибе жинайды және алған тәжірибесін шынайы өмірде пайдаланады. Осының арқасында олардың өздеріне, қабілеттеріне деген сенімі артып, телекоммуникация саласында жетістікке жетелейтін мансап құруға жақсы мүмкіндігі пайда болады.

«Бұл телекоммуникацияларда тәжірибесі жоқ адамдарға тегін сапалы білім алып, Freedom Telecom компаниясында кәсіби мансапты бастауға мүмкіндік беретін үлкен әлеуметтік жоба. Оператор ретінде біз бұл бастама көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесіп, Қазақстандағы телекоммуникация саласының дамуын тездетеді деп үміттенеміз», — деді Freedom Telecom PR директоры Максим Оларь.

Оқыту бағдарламасына қатысты қосымша ақпарат, соның ішінде оқу кестесі, оқуға түсу шарттары, оператордың Instagram-дағы парақшасында және компанияның HeadHunter сайтындағы профилінде жарияланады.