«Қазақтелеком» мен Катар елінің Power International Holding W.L.L. компаниясы келісімге қол қойды
Қазақстанның ірі телекоммуникациялық операторы «Қазақтелеком» өзінің мобильді активтерінің бірі –«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/ALTEL брендтері) Таяу Шығыстың жетекші конгломераты – катарлық Power International Holding-ке сатуды көздеп отыр. Қағидаттар туралы тиісті үшжақты келісімге («Самұрық-Қазына» АҚ) бүгін тараптар Қазақстан Президентінің осы араб еліне ресми сапары шеңберінде қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сату туралы әңгіме Қазақстанда көптен бері бәсеңсіген емес, дегенмен бұған қатысты нақты шешім осы күнге дейін айтылмады. Алайда, биыл 20 қаңтарда экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС сату туралы шешім қабылданған болатын, әрі бүгін Катарда «Қазақтелеком», «Самұрық-Қазына» және Power International Holding қол қойған келісім шеңберінде «МТ-С» 100% үлесін сатып алудың негізгі шарттары туралы уағдаласты.
«Келіссөздерді жақында ғана бастадық, әрине, бүгін Power International Holding компаниясымен алдын-ала келісімге келдік, алдағы уақытта сату-сатып алудың барлық шарттары мен рәсімдерін талқылап, бекіту қажет болады, сондықтан нақты сан, мәміле сомасы және т. б. туралы айтуға әлі ерте. Біз стратегиялық инвестор ретінде Pih сияқты беделді және тұрақты компанияның ниет білдіргеніне ризамыз, оның үстіне компания Қазақстанда әйгілі болып табылады, елімізде холдингтің көптеген жобалары бар, әрі олардың барлығы айтарлықтай табысты», — деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Катар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Катар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы Меморандумға қол қойған болатын.
«Біз Қазақстанда ұялы байланыс операторын сатып алу туралы келісімге қол қойғанымызға, әрі инвестициялық ахуалы өте қолайлы және іскерлік орта дамыған сіздің еліңізде Pih бизнесін кеңейтіп жатқанымызға өте қуаныштымыз» — деді Power International Holding W. L. L. Төрағасы Мұхаммед Мутаз Әл-Хайят.
Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы «Қазақтелеком» «МТ-С» -тың 100% үлесін иеленген болатын. Бүгінде бұл Қазақстандағы ең ірі ұялы байланыс операторы, оның телеком-қызметтері мен цифрлық сервистерін 7 миллионға жуық адам пайдаланады. Компания консорциумға қатысушылардың бірі болып табылады, ол біздің елімізде бесінші буын байланыс стандартын өрістету жобасын іске асыруда, әрі былтыр ғана республиканың 20 шақты қаласында 800-ге тарта 5G базалық станциясын салды, базалық станциялардың жалпы саны 7 мыңнан асады.